Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  121


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Махамбетше

Мен мен едiм, мен едiм,
Мен фәниге жазылған
Мәңгiлiктiң шерi едiм,
Ажалға арнап қазылған
Әңгүдiктiң көрi едiм,
Шексiздiктiң шеңберiн
Шауып келсем деп едiм,
Санадан тыс адасып
Ауып көрсем деп едiм,
Күннен үркiп тығылған,
Құшағыма жығылған
Көлеңкемдi мүсiркеп,
Үнсiздiктiң уызын
Сауып берсем деп едiм,
Қиялымды көзiммен
Еркелетсем деп едiм
Ертеңiмдi өзiммен
Ертегi етсем деп едiм,
Қозғалыстың оң-терiс
Қос iшегiн бiр бұрап
Шежiремдi болашақ
Шерте кетсем деп едiм,
Дүниенi отыма
Өртеп өтсем деп едiм,
Сұрастырып жындардан,
Құрастырып мұңдардан
Тауып алып өзiмдi
Ерте кетсем деп едiм,
Мен мен едiм, мен едiм,
Өз жанымда жүргенде
Кеңiстiктiң төрi едiм,
Уақыттың соры едiм,
Құштарлығым қырқылып,
Iштарлығым iркiлiп,


Жылдамдығын жарықтың
Бағындырсам деп едiм,
Жаратылыс дегендi
Табындырсам деп едiм,
О дүние мен бұ дүние,
Бар дүниенiң санама
Сағын бұрсам деп едiм
Мәңгiлiктен сәл артық
Ғұмыр кешсем деп едiм,
Ақылы аздау болса да
Қаз-қаз тұрған фәнидiң
Жiбiн кессем деп едiм,
Ғұмыр деген азаптың,
Тағдыр деген мазақтың,
Жұмақтың да тозақтың
Түбiн кешсем деп едiм,
Бәрiн тиеп мұңыма
Сұрақтардан өзiме
Бүгiн көшсем деп едiм,
Дәл өзiмдей барлығын
Биiктетсем деп едiм,
Көздерiне нұрымды
Құйып кетсем деп едiм,
Шексiздiкке қысылмай
Сыйып кетсем деп едiм,
Сосын сұлу бейiштiң
Қиялына тұншығып
От демiнен армансыз
Күйiп кетсем деп едiм...



2002 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу