Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  89


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Оқылар едiм фәниге...

Құрдымға көрден үңiлдiм адам қазатын,
Жұмаққа сүйреп қашты, әне, жаман да жатын.
Бейiштен жұлып шындықты Аманғазы ақын
Шашырап кеттi аңдаусыз заманға зақым.
Үмiттiң бәрi есiгiн құлыптап алған.
Пендеге пейiл танытты сұрыптап арман.
Құрықта қалғам...
Бақытты қиялдан iшiп,
Оянбай кетсем маужырап ұмытпа, қарғам.
Ғайыпқа қанат қаққанда қанша үмiт қолдан
Көзiме ғұмыр сүңгiдi,
Малшынып та арман.
Құшақтап тұрып мезгiлдi,
Өзiмдi көрдiм
Адасып тылсым тiрлiкке шаншылып қалған.
Дүбiрден көрiп жармасты таңырқап ғалам.
Құрдымға құрып малдасты жабырқап барам.
Оқылар едiм фәниге,
Тағдырым – қырсық...
Мен де бiр жұмбақ шешiмiн Тәңір таппаған.
Қозғамақ болып орнасын ғұмыр-өткелдiң
Қысылып қалған тiрлiкке құдiрет көрдiм.
Мың рет келгiм жоқ ендi...
Мыңдаған ғалам
Бейнесiн өмiр көзiнен бүгiн өткердiм.



1993 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу