Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  91


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Адасу

Жараттың ба, Тәңірiм, есi барды?...
Күн де нұрын көзiмнен шешiп алды.
Жөргегiңде жыртылған көңiлiмнен
Сусып кеткен қиялдың несi қалды?...
Тәңір, сiзге ойым жоқ алабөтен
Ғаламнан тыс iздедiм жаңа мекен.
О дүниең мен бұ дүниең,
Тағы басқа
Қай дүниең бар, бәрiн де ала кетем.
Дiн бiткенге сананы ермек қылып,
Қалды тағы нақ шындық жөргекте ұлып.
Адасқанның ақылын жерлеп тынып,
Дүниенi сапырдық тербеп, күлiп.
Түп тегiмдi тергесем, бұрын құлдап,
Шошытар ем заманды түрiм құрғап.
Шоқыну да, намаз да күнә кештi
Игi iстерге жаратқан күнiмдi ұрлап.
Дiн бiткеннен жиренiп ғұмыры өткен,
Көмек күттiм амалсыз құдiреттен.
Есi ауысқан сенiмдер елдi iрiттi
Ақиқаттан тiксiнiп қыбыр еткен.


Жауластырып тамырсыз масқаралық,
Сорғалады санамнан аспан ағып.
Құшағымда бүрiскен дүниеге
Қиялымды босаттым баспана ғып.
Тасқа айналды Поссейдон, Зевс күлiп,
Кидi мезгiл ғұмырды кебiс қылып.
Күттi азаттық перiште – Шайтан атты,
Күттi азаттық дiндерден Жер ышқынып.
Адам-Құдай көп, бәрi – ертегi елi,
Табынса отқа, от менi өртеп едi.
Иілсе индус сиырға – мал киесi
Тiрi рухқа тарта ма ерте менi?...
Құдiретке құрдымнан қарап, күлiп,
Бақсы тiрлiк барады балақ түрiп.
Өресiздi аядым,
Уысымнан
Шашыраған секундты санап тұрып.
Сескендiрiп сезiмдi ылаң iшкi,
Кеңiстiкке тағдырым жылап ұшты.
Дүниенiң кеудесiн керi итерiп,
Намысымен ғаламның жын алысты.
Өткелiнен тозақтың өттiм өлiп,
Көрден рухым қарады тек түнерiп.
Қорқыныштан үзiлiп
Көңiлiмнiң
Жын билеген түбiне кеттiм енiп.
Күндi айналып,
Көзiнде мұң байланып,
Әлемдi әлем барады бiрге айналып.
Керi айналған бақсы да, бақастық та
Хақ жолына бағытын бұрды ойланып.


Қозғалыстың маңдайы қансырады,
Шiреп тұрды ғайыптың сан сұрағы.
Құдайға ақыл үйреткен уақыттың
Күлкiсiнен қасiрет тамшылады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу