Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  94


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Тоғышар тiрлiк, тоқ көңiл –

Тоғышар тiрлiк, тоқ көңiл –
Тойдырған жоқ па, ағасы.
Көкие қарап көкке бұл,
Жер баспай тұрсың, шамасы.
Үпайың түгел, ұртың май –
Демiңе пiскен былқып бiр.
Iшiңде өлген итiңдi-ай,
Сыртыңнан иiсi мүңкiп тұр.
Жайылып жатыр əукең де,
Əудем бiр жерге салбырап.
Алдыңа келген зар пенде
Ебi қашқандай абдырап.
Топ алдына шыққанда,
Кiсiмсiнген түр қандай,
Табанда жатқан көп малға
Төбеден қарап тұрғандай.
Ойлы да қырлы жалғанда,
Болған ба тегiс жер төсi.
Басқалар құлы болғанда,
Құдайдың сен бiр еркесi.
Тек, соған өзiң сенiп қап,
Күнəһар болып жүрмегей.
Құдайдан шындап қорықсақ,
Алдырмас ек-ау кiрге бой.
Сене алмай тұрмын сен деуге –
Кешегi үмiтшiл‚ сидам жас.
Орнында – қуыс, көр кеуде,
Қоладан һəм құйған бас.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу