Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  72


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ДАУДАН ҚАШАМ

Өтiнемiн, тиiспей-ақ қой маған!
Жан емеспiн дау-дамайды ойлаған.
Еш адаммен шай деспеген күндерiм –
Өзiнше бiр кiшi-гiрiм той маған.
Сiз ғажапсыз! Мен оңбаған, оңбаған!
Жете ме осы? Ризасың ба сен маған?
Құдай үшiн тоқтата гөр дауыңды,
Көңiлiмдi ете берме ендi алаң.
Шатақ қуып күн көретiн жоқ шамам,
Қызыл тiлiм қыңыр сөзге бек сараң.
Дауылым жоқ даудың отын өршiтер,
Көңiлiмнiң көрiгiне шоқ салам.
Өнбес даудың өлi шөбiн ормадым,
Күндемедiм өрмекшiнiң торларын.
Өз өртiмдi өшiрдiм де iшiмде,
Өзгелердi қиянаттан қорғадым.
Жалған айтсам, кетейiншi мен оңбай,
Құдай ақы, жүргемiн жоқ өле алмай.
Күндiк жерден аяғыңның тықырын
Ажыратам, төбемдi сол оярдай.
Өтiнемiн, қоя тұршы дауыңды,
Жаным содан қанша күйiп, ауырды.
Запы болған қараторғай-жүрегiм
Айлық жерден сезедi ендi дауылды.
Даудың бəсiн саған бердiм, керексең,
Бұл жарыста чемпионсың, демек, сен.
Қош бол ендi, аманымда қайтайын,
Сен-ақ жетiс, мүйiз шықса егестен.
Ақсиғанда азу тiсiң қабандай,
Қарайдың ба, бiр қарсылас таба алмай?
Онда саған еш қайыр жоқ менен де,
Даудан қашам – жаудан қашқан адамдай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу