Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  82


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ШЫНДЫҚ ТУРАЛЫ ЕРТЕГI

Түңiлдiм. Тойдым, бiттiм. Қош бол, шындық!
Бiз сенi бар екен деп босқа ерсiндiк.
Ауыздың аузын ұрып кеткен жоқ па –
Жүректiң қабырғасын сөккен сұмдық.
Ауызда пəтуа жоқ, қуыс қауыз,
Байқасаң, оның өзi – сайқал, жауыз.
Жалғандық таққа мiнсе тақсыр болып,
Жабыла соның əнiн айтады ауыз.
Ойласаң, түзiк емес, бұл да бұзық,
Табыла бермейдi одан имандылық:
Жаңбырдың суы сiңген топанға ұқсас,
Кетедi күн өткенде ми да қызып.
Əмiрiн орындатса қолға солар,
Сойылын сойлылардың ол да соғар.
Билiгi аяқтың да баста болса,
Зорлықтың күшiменен жол жасалар.
Салмақтап соның бəрiн, iшпен танып,
Тереңде салқын жүрек тұрса бағып,
Жындыханаға түскен сау пақырдай
Айналар шын пəңгiге, құсаланып.
Мiне, сен осындайсың, сайқал шындық!
Бiреуге бiреу мұны айтар сыр ғып.
Опасыз, опа жаққан дүниенiң
Бетiне үңiлгендер байқар сұмдық.
– Алты тау, жетi көлдi жапан түзде,
Он мыстан, қырық перi тақалды iзге.
Сол жерде Шындық шөбi бар екен...– деп
Бастайтын ертегiсiн атам бiзге.
Сол шөптi кiмдер тапты?– Маған жұмбақ.
Мен айтам ендi ертегi, балам тыңдап.
Сол шығар, бəлкiм, менiң iздегенiм:
Əжемiз шай iшетiн қалампырлап... баяғыда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу