Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  130


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Лашын ғой деп жүргенiң

Лашын ғой деп жүргенiң–
Жапалақ боп шықпасын,
Тышқан аулап тоятын.
Түлкi ме деп iлгенiң–
Сарышұнақ боп зытпасын,
Мысық қылғып қоятын.
Асыл ғой деп бiлгенiң–
Арзан болып өшкен соң,
Бармақ шайна. Не пайда.
Зая кеткен күндерiң–
Быт-шыт болып көшкен сең,
Ұшқан жаңқа, кет, əйда.
Айналып бiр келгенде
Ұтылатын бiр өзiң,
Мейлiң, алдан, мейлi, алда.
Пенде шiркiн өр кеуде,
“Өзiм, өзiм!” деп жүрiп,
Өлер жерiн ойлар ма.
Адал ғой деп сенгенiң –
Жемтiк көрген құзғындай
Көзiңдi кеп ойғанда,
Байыбына сен ненiң
Барам дейсiң, көкжалдың
Аузына түс, қой бол да.
Көз жетер жер – көк тайғақ,
Далбасалап көп шаттың.
Аршимысың жол күреп?
Бөденеге ат байлап,
Мұз үстiне от жақтың,
Екеуi де ендi жоқ.
Алдыңдағы – қызыл су,
Артыңда өрт. Тiлсiз жау.
О, сормаңдай! Сау болғай.
Құлағыңда ызың-шу.
Кiмге керек құнсыз дау?
Сен бiр жүрген сандалбай.
Жетсем деп ең – шегiндiң.
Жеңбек едiң – жем болдың.
Сен бiр сүйек мүжiлген.
Жанға батқан шөгiрдiң
Азабынан шерлендiң,
Тесiк алма үзiлген.
Үсiк ұрған бақшаңды
Ендi аяла, мəпеле,
Онсыз сенiң күнiң жоқ.
Қалтаңда бар ақшаңды
Төлеп құтыл қатеңе:
Өткен күнге – бүгiн сот.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу