Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  76


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Таңдаған жолдың қиынын....

Таңдаған жолдың қиынын,
Тау кезген тарпаң киiгiм.
Үп еткен желмен iлесiп,
Үдере босты үйiрiң.
Секемшiл түйсiк – қаруың,
Серiппе мүсiн аруым.
Таппайсың iздеп бəрiбiр
Жаныңның шипа-даруын.
Таппайсың... Олар жоқ ендi.
Қансырап суат, жол өлдi.
Судағы Айдың сынығы –
Сұқсыр боп жүзiп жөнелдi.
Сұрама өткен күндердi.
Гүлдердiң жүзiн күл көмдi.
Жаныңды қояр жер таппай,
Тұтарсың пана кiмдi ендi.
Басыңды ұрдың тау-тасқа,
Жосылған iзiң – қан-таспа.
Қуырдақ болған жаның жеп,
Құмарын басты сан қасқа.
Фəни бiр – түпсiз иiрiм,
Жан даусың шықты-ау, киiгiм.
Өзiңдей момын ойларым
Таба алар ма iздеп үйiрiн?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу