Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  64


Автор: Ғұсман Жандыбаев

АБАЙША

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бiр төренi көрсеңiз.
Қолың жетер ұшпаққа,
Қолтығына енсеңiз.
Қор болмайсыз, тегiнде,
Айтқанына көнсеңiз.
Айдауына iлесiп,
Жетегiне ерсеңiз.
Түсiп алып алдына,
Су жорғаша желсеңiз.
Күншiл жауын жапырып,
Бас көтертпей жеңсеңiз.
Оған қарай атылған
Оққа қарсы келсеңiз.
Жамандығын жасырып,
Жақсылығын терсеңiз.
Ұрлығына көз жұмып,
Өтiрiгiне сенсеңiз.
Тəбетi ауған тəттiнi
Қоймай тауып берсеңiз.
Тiске томпақ қаттыны
Қақшып алып, бөлсеңiз.
Қас-қабағын бақылап,
Аузын аңдып, төнсеңiз.
Қажет болса, онымен
Бiр молада өлсеңiз.
...Жаман айтпай, жақсы жоқ,
Оймен бəрiн өлшеңiз.
Жарық дүние– қараңғы,
Жанбай жатып сөнсеңiз.
Ағартасыз адалды,
Қарау ойды көмсеңiз.
Адасқанның алды жөн,
Арты соқпақ, бiлсеңiз.
Өкiнiште опа бар–
Қайта көктеп өнсеңiз.
Арға жүгiн, ағайын,
Ана сүтiн емсеңiз.
Халқы сүйген ер – ерке,
Сiз бiр – тамшы, ел – теңiз.
Жақсылардан үлгi алсаң,
Үстем болар еңсеңiз.
Қара қайсы, ақ қайсы,
Ақылға сап теңшеңiз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу