Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  115


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Көңiл көгi күн сайын күркiремес..

Көңiл көгi күн сайын күркiремес..
Бұлттан шыққан ақ сəуле, күлкiңе көш.
Сол ала бұлт секiлдi, ақындардың
Бiр күн – елес өмiрi, бiр күнi – егес.
Көңiл арбап, алыстан көз тартатын
Ақ ордаға ат басын кiм тiремес.
Қызықтырса бiреудi əн мен күйi,
Дедектетер өзгесiн құлқын, өңеш.
Ашық тұрған есiктiң қадiрi жоқ,
Сүтке бақа түссе де,“қыңқ” демес.
Пайда қуған суайттың ойы басқа,
Тегiн асқа құба-құп, дайынға əуес.
Отқа қарап шаптырып, шаңырағың
Ортасына түссе де, уайым жемес.
Қайыршы да , қаныпезер қарақшы да
Өзiңе емес, айдаған малыңа дос.
Ол жоқ деме – қаскүнем, күншiл неме,
Iшi күйсе, қалмайды еш ақыл-ес.
Саптыаяқпен ұсынған сары қымыз,
Сарқынына у салып, қайырса бос –
Жүрегiңнiң қанымен шөлiн басар,
Қылышыңды тасқа шап – болады кеш.
Сайтанға ақыл үйреткен саудабайдың
Саф алтынға “ташлары”– күлдi-көмеш.
Бiр алдап, екi жеген алаяқтың
Сол күн тыныш ұйқысы, көңiлi хош.
Өз төрiңнiң кетiрсең қасиетiн –
Арамданар адалың, еңбегiң еш.
Əркiм қожа, көрiнген билiк айтып,
Қиқаңдасаң, көрерiң – қысас пен сес.
Құлып-кiлтсiз кең үйде ерсiнуге
Көп тыраштың сұрпы да, қырты да өш.
Кiсi келсе, “кiм-ау?..” деп сəп салмайтын,
Құрақ ұшқан, парықсыз құлқың əбес.
Айыр жолдың үстiнде алақтамай,
Қабырғаңмен өзiңнiң əбден кеңес.
Бойың өспес – өкшеңдi көтергеннен,
Нық тұрып-ақ, мойны озық жұртпен теңес.
Ақыл болса басыңда, ел сияқты,
Сен де iшiңдi кең ұстап, сыртыңа бөс.
Пұлдылығы не керек бiр басыңның,
Жұртқа пайдаң тимесе, сен қуыс мес.
Ағайынды аяқтан шалып жығып,
Төс қаққанмен, төбең бұл көкке жетпес.
Құмырсқадай ұйысып тiрлiк қылсаң,
Береке бар бейнетте, текке кетпес.
Мақсатына жетпек боп ант iшкен ер
Айдаһардың қабығын өткел етпес.
Қайратыңа айлаң сай болсаң жарар,
Жүйрiк тазы бермейдi түлкiге дес.
Өзге түгiл, өзiн де жарылқамас,
Салдырлаған шелектей құр күлегеш.
Бастан қайыр болмаса – аяққа сор,
Алақанның iшi ашық, сырты дөңес.
...Соның бəрiн көтерген көнбiс жүрек,
Сеземiн-ау, сенi алдау мүмкiн емес!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу