Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  85


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ƏЛДЕҚАНДАЙ

Əлдеқандай, дегенде, əлдеқандай,
Əлдеқандай болғандар дəндедi, Алла-ай!
Маңызданған түрiн айт, мардымсынып,
Маңайында теңi жоқ мəндi адамдай.
Кiсiмсiнiп, iсiнiп, тыраштанып,
Əлде жардай болады, əлде нардай.
Килiкпейтiн iсi жоқ, дүниеде
Жоқ секiлдi əмбебап əрнеге ондай.
Солар ғана күй шертiп, жəнеде ешкiм
Айта алмайтын сияқты əндi олардай.
Сүйген құлы Алланың – өзi ғана,
Құдай артық жаратқан əулие жандай.
Күллi əлемнiң – мойнына жүгiн артып,
Ұсақ-түйек тiрлiкпен əуре болмай.
Қайғысына бiреудiң арып-ашып,
Тақсiретiн тартқандай əбден оңбай.
Мiндетсiген сықпыты бiр керемет,
Адамзатқа ғұмырын арнағандай.
Тiлi майда, бүрi жоқ табанының,
Сөзбен алдап, көзбенен арбағандай.
Жүрсе – аяғы жер баспай, майпаң-майпаң,
Дөңгеленiп семiрген жорға малдай.
Мысықша бiр көздерiн ашып-жұмып,
Есiнейдi ұйқысы қанбағандай.
Өрге шыққан адамша ыңыранып,
Əр лебiзiн алтынға саудалардай.
Арзан берiп, орнына маржан алып,
Ақылымен аумағын жаулағандай.
Шекiрейiп, шертиiп тұрған қалпы –
Жалғыз өзi мың десте баулағандай.
Қызыл көрсе, көзiнiң иi түсiп,
Қашқан аңды iндетiп аулағандай.
Өзiне өзi тамсанып бiр кеткенде,
Табындырып баршаны баурағандай.
Пиғылы жат болғанмен, қимылы сақ,
Хақ жолынан қалт етiп аумағандай.
Көмейiне бұлбұл құс ұя салып,
Асыл гауһар аузынан саулағандай.
Жарық дүние – жалғанның бар бақыты
Бiр өзiнiң басына орнағандай.
Ол күлгенде – Күн шығып, қабақ түйсе –
Көктiң жүзiн қара бұлт торлағандай.
Момын жанның мойнына құрық салса,
Шаттанады шайтанды алдағандай.
Көптiң тезi түсiрсе тəубесiне,
Тəңiрiсiн қарғайды, сорлағандай.
Ұмытқанда Құдайын, шел көзденiп,
Сиынғаны өмiрi болмағандай.
Күдiрейiп, жалданып, сыз беттенiп,
Қызметiне күллi елдi жалдағандай.
Қырық тұтам қулығын ашып көрсе,
Сырық ұшын құрықпен жалғағандай.
Бермекке – жоқ, көрмек пен алмаққа – дөп,
Кеңiрдегiн созады, толмағандай.
Нан жемейтiн секiлдi – ең алдымен
Қазы-қарта, жая мен жал жеп алмай.
Қашқан аңды қазулы орға қамап,
Ұшқан құсты тор құрып қармағандай.
Алтын балық қуана өзi келiп,
Қара суда қармағын қандағандай.
Қақырығы – алтын, күмiс боп түкiрiгi,
Басқан iзiне таңырқап ел қарардай.
Көзiне де iлмейтiн көп тобыр кеп,
Көлеңкесiн паналап қорғалардай.
Ыстығы асып, аузынан буы атқылап,
Өмiрiнде бiр рет тоңбағандай.
Зəресi ұшып қорқады: көрiнуден –
дарынсыздау немесе кембағалдай.
Сөйтiп жүрiп кедейдiң жоқшысы боп,
Алақанын жая ашып зарлағандай.
Зарлап жүрiп тапқан мен таянғанын
Қалтасынан жарлының алмағандай.
Өзiне өзi риза, көңiлi өсiп,
Қарсыласын ұқсатып жеңген аңдай.
Бiлiктiмсiп, бiлгiрсiп, биiксiнiп,
Жұртты үйретiп, өз iсiн жөндеп алмай.
Бiрер мiнiн байқамай айтып қалсаң,
Кiсiлiгiн боласың қорлағандай.
Сотпен басың қатпаса, соған шүкiр,
Арызын ол Құдайға жолдағандай.
Бұл түрiмен өзi де орнын тауып,
Көкке ұшатын секiлдi, жерде қалмай.
Əйтпесе ме... Теңi жоқ бұл шiркiннiң
Жай пенде боп жүруi ендi обалдай.
Əлдеқандай, дегенде, əлдеқандай,
Əлдеқандай болғандар дəндедi, Алла-ай.
Пай-пай, шiркiн, шiмiрiкпес неткен сабаз,
Бұл дүниеде, олла-һи, жан жоқ ондай.
... Əлдеқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу