Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  228


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ҚАМШЫ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Сегiз өрiм, бұзау тiс,
Кездiгiндей даламның,
Кесiртке сап, жылантүс,
Қаруы едiң бабамның.
“Ермiн!” деген жiгiттiң
Бiлегiне күш берген,
Сəулесiндей үмiттiң,
Жүрегiне түстенген,
Сертке сiлтер сын шақта,
Көк семсерi сен едiң,
Қыран-күшiн қын-сапқа
Сыйдырғандай серi елiм.
Серпiнiңнен сел тынып,
Сеңгiр таулар селк еткен.
Сестi ердiң сертi нық,
Сенi сермеп шер төккен.
Сен тұрғанда, тəйiрi,
Қашан бұғып, құныстым?
Тимес маған қайыры
Қайқы сапты қылыштың.
Жау басына үйiрсем,
Қалтыраттың арысын.
Досқа кейде түйiлсем,
Осып өттiң намысын.
Қақ төрiнде үйiмнiң
Сен тұрғалы қай заман.
Жоғын сезiп күйiңнiң,
Жiлiк шағып, май жағам.
Тұра бер сен, тұра бер,
Құтханамның төрiнде.
Куə бол сен, куə бол,
Тiрлiгiме менiң де.
Жасып жүрсем, сес бер сен,
Найзағайдай шатырлап.
Жазалап ал, қош көрсең,
Тежеусiз жан – шатылмақ.
Бабам саған дарытқан
Намысының уытын.
Саған жетiп талыққан
Суық хабар, суыт үн.
Қайсар елдiң жан досы,
Қаруы да, туы – сен.
Имансыздың тəубесi,
Тура бидiң туысы ең.
Ал, нөсерлет, ұр тағы,
Күнiң сенiң өткен жоқ.
Кешегi ерлер ұрпағы
Елдiгiнен кеткен жоқ.
Қатыны мен қамшысы
Қазағымды жебеген.
Қамшысы жоқ байғұсты
Халқым жiгiт демеген.
Ал, ендеше, не тұрыс?
Босанып шық шегеден.
Өзектегi өкiнiш –
Ағытылсын шер-өлең.
Көрмедегi қырандай –
Ашып-жұмба көзiңдi.
Айтқан жоқсың ұрандай
Ең ардақты сөзiңдi.
Заңы əдiл ғаламның:
Күнi шығар Айдан соң.
Еңбектеген даламның
Қанатына айнал сен!
Жан тыныштық ойлаған
Жалқау қырға құт кiргiз.
Тауларды ұйқы жайлаған
Аяғынан тiк тұрғыз!
Қамшы көрмей қалғыған
Арғымақтар сiлкiнсiн.
Тұлпар мiнген арлы ұлан
Қасаң ойды бiр тiлсiн!
Ойлы жастар – жол бастар,
Сермеп сенi, үйренсiн.
Мал боп кеткен маубастар
Құдiретiңе сиынсын.
Шыға кел сен жалт етiп,
Күндегiш жау күйiнсiн.
Ағайынды жат етiп,
Гулеген дау тыйылсын.
Еңкеймейтiн паңдардың
Қыр желкесi қиылсын.
Өзгенi жылатқандардың
Көзiнен жас құйылсын.
Жалықтырды тоят түн,
Таң келедi! Iс керек!
Ұйып қалған аяқтың
Қанын тарат пiспелеп.
Құрсауланған сулардың
Бостандығын алып бер.
Қатты уланған булардың
Дертiне ем салып көр.
Ядролық ағыстың
Зiлiн, сұсың жоя алсын.
Ар-ожданның, намыстың
Зарядтары оянсын!
Бiздiң масаң ғасырға
Керек едi бiр қамшы.
Жасын боп ти – жасынға,
Тұр, тұр, қамшы, қырланшы!
Бiздiң қасаң өмiрге
Керек едi серпiлiс.
Тас екен бiр – темiр де,
Тектi қару, сен кiрiс!
Бiздiң қапырық көңiлге
самал енгiз, бер тыныс.
Қонақтаған төрiмде,
Бейбiт құсым, желпiн, ұш.
Оқтан озық – жүйрiгiм,
Оттан өткiр – асылым,
Сенiң ғана билiгiң
Басар ғасыр насырын.
Бiздiң халық түсiнген,
Сенен тауып дерт емiн.
Түзiк жолға түсiрген
Көнтегi мен тентегiн.
Қақыратып қақ бөлiп
Басбұзардың келтегiн,
Есiн жидың бақ болып –
Шектен шыққан еркенiң.
Жасық ұлды ақылға
Салдың, қайрап жасынан.
Сол бiр жазаң, затында,
Сипағандай басынан!
Тыя алады қоғамның
Ұя бұзар сотқарын,
Қазылары сол Ардың –
Сенiң Би мен Соттарың!
Зордың басын тұқыртып,
Əлсiз хақын қайырдың.
Əдiлеттiң хақ жолын
қара қылдай айырдың.
Тартса тартты сауабын,
Сенен ешкiм өлген жоқ.
Қан шығармай жеңдiң сен,
Сенi еш қару жеңген жоқ.
Халқым сенi мақтаса,
Менiң дағы өкпем жоқ.
Жаттан жақын таппаса,
Жақынын жат еткен жоқ.
Сенi ұстаған елiмнiң
Ұлылығын айтсайшы!
Иi жұмсақ көңiлдiң
Жылылығын айтсайшы!
Қамшысы жоқ – қаруын
Қоқаңдатпай қайтедi?
Қаруы оның – бар уы,
Сұр жылан деп айт оны!
Ер қолынан қамшысы
Түскен күнi қор болар.
Қор болмаса, зəрлi iшi –
Қаныпезер сол болар.
Жалғыз қалса боранда
Жақсылықтың жаршысы –
Жоқтығынан болар ма,
Ер қолында қамшысы,
Ел қолында қамшысы!
Қамайды оны топтанып
Жортқан кектi бөрiлер –
Қараңдаған көп қарiп
Секiлденiп көрiнер.
Қарға түскен iздерi –
Қағаздағы үкiмдей,
Қанталаған көздерi –
Өрттен ұшқан түтiндей,
Қара ниет жыртқыштың
Мойнын бұрап қайырған,
Жон терiсiн айырған,
Айналайын дойырдан.
Қамшы ұрмаса сəтiнде,
Тұлпар тұғыр болмай ма.
Иi түскен бəтiрден
Именбейдi торғай да.
Томар желке, балшық бас,
Намыссыздан нар шықпас.
Төбеттердей қаншықтас,
Арсыз беттен қан шықпас.
Өзiн-өзi қамшылап,
Қайрамаған – көн болар.
Көңiлдегi шамшырақ –
Ар қамшысы сол болар.
Оян, қамшым, тұр, қамшым,
Сен сермелсең – мен дайын.
Далам жырғап бiр қалсын,
Тұлпарымды қамдайын.
Оян, қамшы, қалғыма,
Дабыл қағып далам тұр.
Қараны да, ханды да
Қағынтпасын арам тiл.
Қайқы басты жыландай
Арам тiлдi тiлiп түс,
Қайта iнiне кiре алмай,
Өмiрем қапсын улы тiс.
Iште жатқан сұр жылан –
Шайқасарың ендi осы.
Сен болмасаң, сұңғылам,
Белгiлi ешкiм жеңбесi.
Сол зəнталақ зымыстан –
Аран болып ашылды.
Араздасты туысқан,
Ұятқа ылат тас ұрды.
Бас аманын қайғы етiп,
Елiм жұтын жасырды.
Мəйегiнен май кетiп,
Жерiм құтын қашырды.
Қамшы кеткен үйiңнен
Кереге, уық шашылды.
Сүйкенiп, сүзiп бүйiрден,
Қай-қайдағы басыңды.
Тұлпар тұрар белдеуге
Қотыр бұзау қасынды.
Бала-шаға белбеуге
Ағаш мылтық асынды.
Сана көгiн түсi аппақ,
Торлаған ба бұлт келiп?
Кеткендей ек ұсақтап,
Қоңыз, шаян, құрт терiп.
Алдық екен сенi бiз
Қолдан қашан түсiрiп?
Қозғалғандай сеңiмiз –
Ендi соны түсiнiп.
Кешегi бiр күндерде
Жанған аз да, өшкен көп.
Үй күзеткен құр кеуде,
Жұрт жаңартып көшкен жоқ.
Кешегi өткен күндерде
“Өскен” де көп, бөскен көп.
Жабық тұрды iргем де,
Одан самал ескен жоқ.
Кешегi сол күндерде
Екi қолды бос сермеп,
Ендi есiмiз кiргенде:
“Кеш те жақсы ештен..”,– деп,
Саған тағы жүгiндiк,
Сардар қару, ар – қамшым.
Бiз де өлiп-тiрiлдiк,
Ғұмырың қайта жалғансын!
Тұла бойың кернеген
Қуат-күшiң жар, қамшым.
Сендей қару көрмеген
Тақуа əлем таңдансын.
Қабағына тоң қатқан
Қарау ойлар желге ұшсын.
Қанатына бомба артқан
Ракеталар жер құшсын.
Көрмеп едi бұл əлем
Қамшы полигондарын!
Өлеусiреп тұр əрең,
Тауым, көлiм, орманым.
Аждаһа отыр төрiнде,
Сұм көзiне зəр үйген.
Полигонсыз өмiрде
Болады екен тар үй – кең.
Мен не бiлдiм, не бiлдiм?
Текке иық қомдаппын.
Қасиетiн елiмнiң
Жаудан бетер қорлаппын.
Мен не бiлдiм, не бiлдiм?
Бақ iздедiм, сор қаптым.
Қасiретiн жерiмнiң
Өз қолыммен орнаттым.
Мен бiр ессiз көбелек,
Отты айналып ұшыппын.
Жарығы оның не керек,
Тамұқ өртiн құшыппын.
Жарылардай сезiлген
шиқанын да жанымның,
Өзге түгiл, өзiмнен
Жасырумен жағындым.
Тiрлiк нəрiн сормаған,
Шала туған қозыдай,
шаранадан сорлаған
Сəбилердiң көзi – удай.
Сол сəбилер дауысы
Естiлгенде шырқырап,
Күңiренедi тау iшi,
Жер сүйегi сырқырап.
Көрi жуық төрiнен,
Бұл заманың қай заман?
Өз қағынан жерiген,
Нəтi тентек қой жаман.
Керегi не алтынның?
Қайтсем дем сап, жылытамын –
Ер боп туған халқымның
Елеңдеген ұрпағын?
Жаным менiң жаурайды,
Жамылсам да жасын-от.
Қайта шапқан жаудай-ды,
Айта соққан қасiрет.
Арыстанды жығатын,
Бағзыда бiз асыл ек.
Бас сауғалап, бұғатын,
Қайдан шыққан жасық еп?
Қайдан шыққан шылғи заң,
Дəу перiге – қисық төр,
Шiрiк ойдан шыр жиған
Саңырауқұлақ-түйсiктер?
Шыбындаған жылқыдай,
Шұлғи-шұлғи, бас iсiп,
Ұйлығысқан жұртым-ай,
Жауырыңды қасысып.
Өз басының кемдiгiн
Ағайыннан көретiн,
Елдiгi мен кеңдiгiн
Сыртқа сый ғып беретiн,
Балалығы арылмай,
Аңқылдаған ел едiк.
Тарықса да тарынбай,
Отыратын кенелiп.
Менiң байтақ өр далам
Еркiндiктi сүйедi-ау!
Оның сəнi – төл мен əн,
Көген, желi, бие бау.
Менiң халқым, расында,
Қару жасап көрмеген.
Атом ұрған ғасырға
Қамшымды ұстап келген ем.
Əлi менiң қолымда
Қағынды от та, дəрi-у жоқ.
Кiсiнi атар оғым ба?..
Құс құлатар қару жоқ.
Қаруым жоқ, бар қайғым –
Тығылды атом қойныма.
Артып алған жандаймын,
Ауыр күнə мойныма.
Жүрегiме қадалған
Сол бiр оққа мастандым.
Мен ендi оны санамнан
Қайтiп алып тастармын?!
Шоқ төсендiм, қорған деп –
Улы шоқпар жастандым.
Бақ жолында сор бар деп
Ойламадым, кеш қалдым.
Бақытыма жетем деп,
Қай соқпаққа түспедiм?
Үмiт-сағым бекер боп,
Бармағымды тiстедiм.
Өшкен оттан алдық өш,
Өлген жолды көмдiк бiз.
Толықсыған сəндi көш...
Тоз-тоз болды. Көндiк бiз.
Сенген бiздiң кемемiз
Жарға соқты тұмсығын.
Сумен ағып келемiз,
Удай ащы бұл суың...
Жан дəрменмен қол создық
Көк тұлпардың жалына.
Қайта таптық, сол кез – құт,
Сенi, қамшым, сағына.
Есiм жидым мен ендi,
Желге қарсы қасқардым.
Ауған жүгiм теңелдi,
Көштi қалай бастармын??..
Тiзгiн қолда, жалғанды от!
Мықты менiң үзеңгiм.
“Мен бар!” дейтiн жолдар көп...
Беттi қайда түзермiн?
Тау iшiнде келемiн..
Қолда, қамшым, сен барсың.
Өлеңдетiп желемiн..
Өзiң қолдап, қорғарсың.
Бабам, атам, əкем де,
Қарсы жүрiп қатерге,
Қатты ұрынған қатем бе?..
Бəрi, бəрi қаперде.
Бұл əн одан басқарақ..
Теңдiк. Сенiм. Келiсiм.
Ұғынысса қас-қабақ,
Ұя бұзбас кейiс үн.
Жақсылыққа жаршы бол,
Айналайын, ақ қамшы.
Барымташы, жаушы емес,
Елшi болып аттаншы.
Iзгiлiктiң жолына
Пана болып жет, қамшы.
Сенi ұстасын қолына,
Шабандоз бен көкпаршы.
Шын сырыңа қанды да,
Пейiлдендi сақ көршi.
Сенi қойып алдына,
Түсiнiстiк тапты елшi.
Тiктел, қамшым, қорынба,
Соқты жаңа жел, мiне.
Ерiктi елдiң қолында
Жалау болып желбiре.
Өмiр гүлiн жалмайтын
Қару маған не керек?
Көңiл жiбiн жалғайтын,
Қамшым, жөнiң, о, бөлек!
Қамшы тисе, жарасы
Жазылар-ау еленбей –
Əкесiнен баласы
Бiр шапалақ жегендей.
Қамшым, сенiң қаһарың –
Ер намысы, ел ары.
Ажал шашар заһарын –
Қозғалса атом бораны.
Ердiң бағы – Отаннан,
Ел наласын айт, емшiм!
Айықпасқа бет алған
Жер жарасын қайтерсiң?!
Өз ырысын таптай ма,
Бағынса адам ұлы ойға?
Кiнə артудан жоқ пайда,
Тағдыр менен Құдайға.
Ата салты бiрлiктiң –
Бүлдiрмес, тек бүтiндер.
Қамшысындай тiрлiктiң –
Түзу ұшқан түтiндер.
Қанатынан қайырылып,
Қалбаңдаған құс – бейбақ.
Сенен, қамшым, айырылып,
Кеттi бiзден күш-қайрат.
Таңдайына тат тұрып,
Ұмыт қалған жетондай,
Тастай да алмай лақтырып,
Қадiрiңе де жете алмай,
Қанша жылдар сенi бiз
Өгейсiттiк, бақ-қамшым.
Адал жiгiт, ару қыз
Ендi саған мақтансын.
Созыл, қамшым, тағы да,
Бойың ширар, созылса –
Тастап шыққан тағына
Қайта оралған Цезарьша.
Қиырға тарт қиядан,
Сыптай күшiң сыналса,
Кеңiстiкке ұядан
Самғап ұшқан қыранша.
Бас, бас, қамшым, ос, қамшым,
Естен шыққан мұраңды ал.
Ұлы тойың басталсын,
Ұран тастар ұлан бар.
Жүрегi iрi жiгiттiң
Жiгерiне серпiн бер.
Терiн үгiп күлiктiң,
Сенген ердiң сертiн көр.
Наркескендей өткiрiм,
Намысты ұлдың нарқын бiл.
Безеп жүрген тек тiлiн,
Бетсiз сұмды алқындыр.
Бөле-жарған бүтiндi –
Тентек көрсең, тезге сал.
Қайыры жоқ, күтiмдi –
Етпе рақым езге сəл.
Асын iшiп, табағын
Теуiп тастап нас та жүр.
Ой-пиғылы қараның
Жотасынан таспа тiл.
Уа, киелiм! Тұра бер
Қасиеттi төрiмде.
Тағдырыма куəгер –
Жалғыз сенсiң, тегiнде.
Алыс, алыс күнге жет,
Серiгiң боп – серi өлең.
Сұрамасын “Бұл не?”– деп,
Немерем мен шөберем.
Серпiл, қамшым! Жалғанның
Жарығын көр! Күн туды.
Құрыш қайрат жандардың
Жас жүрегi бұлқынды!
Ердiң жолы оң болып,
Елдiң бағы ашылсын.
Бұқа тұмсық зор келiп,
Қаһарыңа бас ұрсын.
Ел мен елдiң iргесi
Ашылмасын, қосылсын.
Iзгiлiктiң күндесi
Індерiне жосылсын.
Арда қамшым! Ақ туың –
Əдiлет пен Ар болсын.
Ат тiзгiнiн қақ бүгiн,
Жақсы тiлек жар болсын!
Ақ ниеттi адамның
Несiбесi – қиырдан.
Байтақ мекен – бабамның
Пейiлiне бұйырған.
Өрiмiңдей өзiңнiң –
Сан тараулы аңыз бар.
Кеңдiгi үшiн жерiмнiң,
Ұрпақ саған қарыздар.
Ар қамшысы сермелсе,
Сесi қайтар ханның да.
Бас иемiн өлгенше,
Мен де сенiң алдыңда.
Бабам сенi бас-көз жоқ
бейпiл сiлтеп көрмеген.
Бойтұмардай қастерлеп,
Жау мен жатқа бермеген.
Сенi ұстамау – Ерге мiн,
Ұстай бiлу – қолға сын.
Сертке мен де сермедiм,
Баба рухы қолдасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу