Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  112


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ҮШ МҰҢЛЫҚ

I
Адам, саған айтатын арызым бар,
Қайда кетiп барасың, алдың бiр жар!?
Тас көз пендең таққұмар, тағзымшыл,
Бұл күнiңе Құдайым етпесiн зар.
Ақ қайыңды бауыздап, қанын iшкен
Кей кесiрдiң, құдiрет, бағы да үстем.
Сары ұшқатты көргенде, жүрек сазып,
Келместi еске аласың сағынышпен.
Жел, Су, Жер бар... Сондықтан сен де барсың!
Осыны ұқсаң, адамзат, ел боларсың.
Өз iсiңе, ендеше, есеп берер
Кезiң келдi: бермесең – неңдi аларсың?!
Қиян кезiп, шықса да қияға атың,
Амал қанша, аз емес қиянатың.
Қайран адам, қалмады-ау ескi əдетiң –
Ұрысы үшiн ұлысы ұялатын.
Не кiнəсi үшiн, сен, жазаладың,
Бiр атаның кiндiктес балаларын?
Жұмыр жердiң үстiнде үш мұңлық бар,
Тағдыр бөлiп тастаған араларын.
Үш мұңлықты қамап тұр тамам бөрi...
Не деген тар, қатыгез заман жолы.
Жан ұшырып бiр-бiрiн iздейдi олар –
Құшақтарын айырған адам қолы.
II
Серпiлейiн, ендеше мен түлейiн,
Домбырамды күйiне келтiрейiн.
Шығарайын көңiлдiң запыранын,
Жанды жеген ежелгi дертiм – ойым.
Үнсiз ғана көтерiп жел мазағын,
Сол ойлардың тартамын ендi азабын.
Тасты жарып ағады Тамшы Бұлақ,
Оның даусы – дүниеде ең ғажап үн.
Бойындағы лыпасы – өндiр құрақ,
Қылдырықтай белi бар... Ол дүр бiрақ.
Шулы əлемнiң даңғаза дабырына
Өз əуенiн қосады мөлдiр бұлақ.
Дүние шуы өзiнше: сестi, үрейлi,
Көштi мейлi, iсi жоқ, өштi мейлi.
Ұлы Өзендер ағады басқа жаққа,
Бұлақ үнiн бiрi де естiмейдi.
Бұған мойын бұрған жоқ əлi күнге,
Өз қызығы өзiнде бəрiнiң де.
Кеме мiнiп, дəрi iшкен үлкен сулар
Кербез əйел итiнше дəнiгуде...
Сол өзендер жұтқан у санаңды ойса,
Теңiз өртер iшiңдi жанармайша.
Олар, əне, тiлдерiн салаңдатып,
Шөлден өлiп барады сараң байша.
Ал, жарайды: “Табиғат – iзгi анамыз...”
Сөздiң майын сығымдап, сызданамыз.
Суға қашқан отарын тұзға айдайтын –
Əңгүдiктеу қойшыңыз бiз боламыз.
Жан-жағына от шашып тұрған ауыз –
Жетi басты айдаһар бiз боламыз.
Сөздiң майы дертiне ем болмады,
Түкiрiгiн жұтпаса түз-даламыз.
Өзендердiң мойнына шынжыр тағып,
Витаминнен – рецептпен берiп азық.
Креслолар қоймасы қақпасына:
“Қабаған су! Сақ бол!” деп қойдық жазып.
Қабаған су... құлағын салбыратып,
Каютада маужырап алды жатып.
Ал штурман сыйлайды оған шылым,
Сорады кеп... жүйкесiн балбыратып.
Кеме iшiнде қарбалас, ығы-жығы...
“Не үшiн?”... Бiрақ бiлмейдi мұны бiрi.
Маймыл емес, ендi ойын көрсетедi
Циркач теңiз... Ғасырдың құбыжығы!
Адамдардың iсi жоқ мұныменен,
Жұтқанға мəз түйенi түгiменен.
“ОТК” деп мөр басқан балықты жеп,
Əн айтады барқырап түнiменен.
Нашақордың көзiмен жалбарына,
Кəрi теңiз қарайды жан-жағына.
Бос қалбырдай өкпесiн қаңғырлатып,
Жөтеледi көкiрегi қақ жарыла.
Шандыр емшек, тандыр төс... Құр саумалап
Көредi ол... сүт емес, у сорғалап.
Нəрестесi iште өлген сорлы анадай,
Шашын жайып зарлайды көкке қарап.
Қол-аяқсыз бейбақтай домаланып,
Ауға түскен балықша тыпыр қағып,
Темiр құрсау iшiнде Теңiз-ана,
əне, тамұқ өртiнде жатыр жанып...
Шығып бара жатқандай жан жырақтап...
Көздерiнен ағады қан бұлақтап.
Өлi менен тiрiнiң арасында
Жатыр теңiз жан берiп, сандырақтап:
“Қайда... қайда ерлерiм?.. “Жоқ!” дедi ме?
Ақ жал бурыл тап болды-ау көк бөрiге...
Жер түбiнен жететiн арыстарым –
Жау қолынан шейiт боп кеткенi ме?
Күркiрей ме, жоқ, əлде, кiсiней ме?
Тажал төнiп келедi... Кiсi жей ме?
Құс ұйқылы теңiз ем, мен қашаннан
кiрiптар боп қалғанмын құс үрейге?
Елден бұрын жеттi екен көмекке кiм?..
Көтерiңдер басымды демеп менiң.
Келiп қалды-ау шұрқырап құлындарым,
Тiрi болса бiр табар демеп пе едiм.
Анау келген ақ жалды айғырым ба?
Мынау тұрған ұқсайды қай құлынға?
Атымды əкел! Майданға өзiм шығам!
Айдыным да дiн аман, айбыным да...”
Алас ұрған теңiзге кiм қарайды?
Күн жалайды ерiнiн, түн қамайды.
Аш күреңнiң езуi қып-қызыл қан...
Маскүнемнiң тамағы құрғамайды.
Тас шеңгелiн тарылтып ақыры өлiм,
Кəрi теңiздiң қуартты пақыр өңiн.
“Құтқа-ар!...” деген хаты жоқ құмыралар
Жағасында шашылып жатыр оның.
Қайран, менiң айбатты өр теңiзiм!
Аруақтай боп қуарды-ау көркем жүзiң.
Ит жалаған қарындай қаудырлатып,
Қаңсытқаны-ай iшiмдi өрт лебiзiң.
Кеуiп қалған тақырда тiрi жан жоқ.
Сасқан иттер үнi ащы... ұлыған көп.
Жетi ырыстың бiрi едi, астапыралла,
Жетi жұттың куəсi – бүгiн аң боп...
Ақ сазандай келiншек сылаң қағып,
Уылдырық асайды шырайланып.
Шырқыраған дауысын Құдай естiп,
Сор даланы бала жүр шыр айналып:
“Құтқарыңдар! Адамдар, құтқарыңдар!
Құлқыны апан, араны аш, жұтпа құм бар.
Құрбандық боп барады Теңiз-анам,
Жүк қарындар соқты оны – жұт қарындар,
Құтқарыңдар, адамдар құтқарыңдар...”
Сол балаға жетер ме созған қолым?
Жаным сырқау. Дəуренiм озған менiң.
Арқыраған уақыттың азбан желiн
Азған көлiм көтердi, тозған жерiм.
Бақұлдасып кəрi анам, жатыр жүдеп.
Жанартауы жанымның атылды үдеп...
Iшiмдегi “Қатерлi үшбұрышқа”
Теңiз батып барады... ақырғы рет.
Қайран теңіз!.. Беттен нұр, күлкi кеттi.
Дүркiреттi, кезiнде ол күркiреттi.
Кеудесiнен кенет бiр толқын шапшып,
Тамшыларын тақырға бүркiп өттi.
Танытады өзгеше лебiз уақыт...
Соңғы толқын ... Өшпеген сол iз – бақыт.
Менiң құты-жүрегiм барады ағып:
“Құтқарыңдар! Барады Теңiз батып!”
III
... Тасы жақпар, топырағы шымды қатпар –
Таулардан бас алатын бiр Бұлақ бар.
Сол бұлақтың суынан қанып iшiп,
Көмейiңнен, жолаушым, күмбiр ақтар.
Оның даусы – дүниеде ең ғажап үн,
Сол бiр үнмен жарамды мен жазамын.
Шайырлары бағзының сияқтанып,
Сұңқылдатам бақилық көл ғазалын.
Мөлдiр бұлақ ... сағыныш өртiн басар,
Балын жұтсаң, жаныңнан дертiң қашар.
Зəмзəм шəрбат жұтқандай көзiң жайнап,
Бөздей жүзiң нұрланып, көңiлiң тасар.
Бетiңдi жу, тiзерлеп жағасына,
Жалбызын жақ денеңнiң жарасына.
Бойың сергiп, ойыңа қанат бiтiп,
Көңiлiңнiң сейiлер наласы да.
Сол бұлақтың үнiне құлақ түр де,
Қыздырынып, мауқың бас, шуақ күнге.
Ашыған ми, божыраған ойың тұнып,
Сəнденерсiң сəбидей бiр-ақ күнде.
Мөлдiр бұлақ... Мейiрiң қанбаса – көр...
Жағасына үй тiгiп, жармасады ел.
Ұлы өзеннiң үзiлмес үмiтiндей,
Жер астында теңiзбен жалғасады ол!
Ал ол жақта – ашық сот... ғасыр оты!
Құтыдағы жазуды ашып оқы:
Бiр-бiрiне жеткiзбей, жолын қиған
Тағдырлар бар... Тарихтың қасiретi.
Жер астында арпалыс... бiлесiң бе?
Лайықты ерлер бар Ұлы есiмге.
Олар əлi өлген жоқ! ... Тек уақытша...
Өмiр үшiн астыртын күресуде!
Жер астында күрес бар – дiнi берiк.
Қудаланған шындықтар – қайтпас ерiк.
Бiр күндерi ашыққа шығады олар,
Тасқа біткен сарымсақ секiлденiп.
Қарлығаштай бұлақтар шұбап, өрiп,
Қанатымен нұр сеуiп, шуақ егiп.
Таңдайына теңiздiң нəр тамызса,
Шындық дəнi шыңыраудан шығады өнiп.
Туады ол күн! Бар ондай тас бұлақтар!
Жағасында жайқалған жас құрақтар!
Кiл тұнықтың тұрағы – қиян Таулар:
Үстi мақпал, қазына – асты қатпар.
Қутың қағып, бойына қуат кiрiп,
Еркелейдi тауларға бұлақ күлiп.
Бұл өлкеге жетедi жетем деген,
Мотор емес, тайпалған пырақ мiнiп.
Шөбi дəрi, суы бал сол тауларға
Жетем десең, қомағай жалқау болма.
Қару алсаң, арналсын оның оғы –
Өз iшiңде ұлыған қорқауларға.
Ойың арам, пиғылың болса бөтен,
Таудан əрмен! Солай деп жар сап өтем.
“Асын iшiп, аяғын теппе” дейтiн
Ұлы сөздi дұға ғып алсаң екен!
Елшiмiсiң, елмiсiң – осыны ойлан,
Көсембiсiң, ермiсiң – тисiн пайдаң.
Суын iшiп, құдыққа түкiретiн,
Сақтай гөрсiн Құдайым, сасық майдан.
Тiрiсiнде көмiлсе – шындық қыршын.
Сұрақсыздар жасаған сұмдық – тылсым.
Көнбiс кездiң көзтүрткi мұңлықтары
Көлгiрсiген дүниенi дүрлiктiрсiн.
Мұңлықтары əлемнiң мұны бiлсiн:
Арам, масыл дененi отқа ұрсын.
Өлi демi борсыған көлшiктердiң
Өңезденген бойынан қан жүгiрсiн.
Əр момынның мойнында – бiр мырзадан,
Қуға – құлдық, нысапқа тұлдыр заман.
Тар кiсендi талқандап үзген ерше,
Көнтерiлер бiр шығар көр бұғаудан!
Дертiн тартып дерексiз ежелгi ойдың,
Делқұлыша өзiмдi сезем күй күн.
Бұлағынан ажырап, Теңiзiне
Жете алмаған пұшайман Өзендеймiн.
“Бұлақ көрсең, көзiн аш...” деген сөздi
барлық елдiң Гербiне жазар ма едi!
Ауа, Су, Жер – Тiрлiктiң үш тiрегi.
Құтқармайды адамды алтын селi.
Ештемең жоқ дүниеден алып кетер...
Жалау етiп қолыңа – жарық көтер.
“Тазалықтың анасы – табиғат” деп,
Қалдырмаған өсиет халық бекер.
Қарақшыша мойныңа аза жүктеп,
Тұнық суға тас атпа сазарып кеп.
Мен айтамын, жолаушым, мұны саған:
“Табиғаттың панасы – тазалық!” деп.
Сұлулыққа бiр теңеу табылған ба?
Қандай дiлгiр дүние аруларға.
Табиғаттың өкпесi қабынады,
Тазалықтың қауызы тарылғанда.
Ей, жолаушым, жортқанда жолың болсын,
Қыдыр кез боп, алдыңа жоғың келсiн.
Ақ сақалды қартыңдай Тауың көрсең,
Басыңды иiп сəлем ет, бата берсiн.
Басы – ақ қар, баурайы – гүлдi қаптал,
Таулардан бас алатын мың бұлақ бар.
Сол бұлақтың суынан қанып iшiп,
Iштiң шерiн бiр ақтар, Күндi бетке ал.
Тазалық пен сұлулық көрмесiндей,
Табиғаттың “табиғат бөлмесiндей”,
Осы таулар – бабалар рухының
Ұмыт қалған қазына-көмбесiндей.
Осы таудан өтедi бiздiң бұлақ,
Осы тауға жетедi сiздiң жұрат.
Жар төбенiң басында – Жаман қыстау,
Жалғыз үйдiң серiгi – жүз бiр қырат.
Таутекелi, арқарлы, бұғылы аймақ,
түгiн тартса май шыққан қырын ойлап‚
Абыз ата алысқа көз тiгедi...
Желпiнедi бұлақты ұлы бойлап.
Күмбез-көктiң төрiнде – Үркер бала..
Иесiндей Əлемнiң тұр толғана.
Тас бұлақтың жолында – Ұлы өзендер,
Жас түлектiң ойында – үлкен қала.
Қарт – тақуа, талапшыл бала батыл.
Бұлақ бойлап екеуi жағада тұр.
Көз ұшында... шапшытып толқындарын,
Көк теңiздей толықсып... Дала жатыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу