20.09.2022
  571


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ƏПКЕ

I
От өшер – кезi келсе ол да суып,
Он үш жас, сенiң бейнең болмас ұмыт.
Елеңдеп тұрам ылғи сенi iздеумен,
Өмiрдiң көшi ағылған жолға шығып.
Өшпейтiн өмiрiмнiң iзiндей ме ең,
Есiмде бүгiнгiдей жүзiң, бейнең.
Жалтылдап көз алдымнан бiр кетпейдi
Сондағы терiм сiңген қызыл жейдең.
Құлындай құлдыраңдап шапқылаған
Сен де бiр сəби едiң пəк күнəдан.
Қайтушы ек жарыса кеп, кəусар жұтып,
Ауылдың сыртындағы ақ тұмадан.
Онда мен мөлдiр едiм, өндiр едiм,
Кеудеме құстар үнi толды менiң.
Он үш жас, алабұртып, мойнымдағы
Ал қызыл орауыштай желбiредiң.
Бəлкiм, сен ең бақытты кезiм бе едiң?–
Көңiлiм – аспан едi, көзiмде – Күн.
Сонда ғой мынау жарық дүниенiң
Кеңдiгiн тұңғыш рет сезiнгенiм.
Əлде сен сиқыры мол сезiм бе едiң?–
Қиялдап түндер бойы көз iлмедiм.
Бейтаныс бiр əлемге, əйтеу менi
Енгiзiп жiберiп ең, безiнбедiм.
Əлде сен ұшып кеткен құс емес пе ең?–
Ғайып боп, айналыпсың түс, елеске.
Ғарыштан жеткен жұлдыз жарығындай,
Сəулесi сол күндердiң түседi еске.
II
Мүмкiн бе мұны жүрек ұмытпағы? –
Көңiлде тұрып қапты тұнып бəрi.
Наурыздың үш жаңасы туған едi:
Үш тəулiк – түннен озып, күн ұтқалы.
Анадай иi жұмсақ, мырза бұл ай,
Шыққан кез жауқазындар дүр жамырай.
Көк қаулап, адам аузы аққа тиiп,
Балалар уыз iшiп бiр жарыды-ай.
...Сəния – əпкем менiң, балаң əлi,
Оқитын интернатта қаладағы.
Ойына бiткендей-дi естиярлық,
Жасы оның он жетiге қарағалы.
Мен үшiн ондай қамқор жан бар ма едi,
Өбектеп, сəби көрiп алған менi.
Бұзақы баладан да, бұтадан да
Қорғайтын жеткенiнше əл-дəрменi.
Басталып каникулы көктемдегi,
Ауылға алып-ұшып жеткен де едi.
Бетiмнен қайта-қайта сүйедi кеп,
Көрмеген əдетiнше көптен берi.
Ондай жан жоқ та шығар нұр бейнелi,
Анамдай еркелетiп тұр ғой менi.
“Кəнеки, киiп көршi, дəл ме екен?!” деп,
Шығарды сөмкесiнен бiр жейденi.
Киюшi ем бiрде қысқа, ұзын кейде,
Үстiме қона кеттi-ау қызыл жейде.
Жайнаңдап екi көзiм шыға келгем,
Құлпырып қызыл гүлдей жүзiм бейне.
Есiмде қуанғаным сонда қалай,
Кiшкене бөлмемiзге толған арай.
Шекемнен шекiрейiп, шертiп басам,
Адымдап оңға қарай, солға қарай.
Əпкемнiң бармағынан бал жалаған,
Мен де бiр торғай едiм қорғалаған.
Үлкендер көп айтатын “бақыт” дейтiн
Көрiнген шыт жейде боп сонда маған.
III
Əпкешiм, сырласайын ендi өзiңмен,
Жаныңның отын жағып менде жүрген.
Булыққан көңiлiмнiң бұлқынысын –
Қалған бiр белгi деп ұқ сол кезiмнен.
Кештiм бе жаралы мұң, налалы күн,
Болдым деп айта алмаймын дана бүгiн.
Сондайда сынай қарап ту сыртымда
Тұрғандай он үш жасар балалығым.
Он үшiм түсiме енсе кейде келiп,
Бiр жасап қалам ылғи, ой көгерiп.
Əпкешiм, түседi еске сол балалық,
Өзiң боп, сен кигiзген жейде болып.
Кейiнде көп қызықпен тоғыстым ба,
Қарын тоқ, киiм көк боп, толыстым ба?–
Бəрi де татымастай, он үшiмде
Көзiмнен ыршып шыққан сол ұшқынға.
Шынымен сол жейденi ұнаттым ба,
Жоқ, жүдеу көңiлiмдi жұбаттым ба?..
Əйтеуiр, жел өтiне қарсы жанған
Шырақтай шырқ үйiрiлдiм, гүл аттым да.
Жан əпке, сен де мұны сəттi аңдадың,
Есiмде сонда қалай шаттанғаның.
Еңсемнiң түспейтiнiн өзiң барда
Сездiм бе, құс қанатын қақты арманым.
Құсасын көңiлiмнiң бiр ақтарып,
Тығылғам құшағыңа құлап барып.
Бетiме тидi сенiң ыстық жасың...
Содан соң бекiп алдың, қуаттанып.
Содан соң серпiлдiң де күлiмдедiң,
Жаныма жылы тиiп үнiң, демiң.
“Ғұмырлы, бақытты бол, бүгiн, мiне,
Бiр мүшел жасқа толдың, күнiм!” дедiң.
Нұр шашып жалын атқан жəудiр көзiң,
Есiмде сондағы айтқан əрбiр сөзiң.
Жаттап та қаттап алған соның бəрiн,
Балалық албырт көңiл, алғыр сезiм.
Деп едiң: “Ендi, мiне, жiгiт болдың,
Жұлдызы биiк тұрар үмiттi ердiң.
Өмiрдiң жақсысын да, тапшысын да
Қазiрден жiтi барлап, ұғып көргiн.
Уақытың ойланатын жеттi, мiне,
Өмiрдiң тез мұқалма тепкiнiне.
Жетерсiң мұратыңа – алданбасаң
Көйлектiң көктiгiне, көптiгiне.
Талабың таудай болсын, қарашығым,
Қаттай бер көңiлiңе жан асылын.
Ежелден талапты ерге қанат бiткен,
Сол ғана сенiң жалғыз жанашырың.
Болма əуре барға тасып, жоққа налып,
Басыңда тұра бермес тоқ балалық.
Қуатым, ұстамды бол, көбелекше
Ұрынба бейсауат бiр отқа барып.
Кезiгер алдан талай қатер, кесел,
Елiңе, бiрақ, қалқам əкелме сор.
Ойыңда от, бойыңда өр сенiм болсын,
Қамқоршы анаң да осы, əкең де сол.
Арманның заңғарына көз бұрарсың,
Басыңнан талай бақты оздырарсың.
Жарығым, аман болшы, тiрi жүрсең –
Сен əлi сан жейденi тоздырарсың...”
Əпкешiм, сен осылай демеп пе едiң,
Дем берiп, жiгерiмдi жебеп менiң.
Қиналсам – өзiң болып, сөзiң келiп,
Қанша рет созды маған көмек қолын.
Ол кезде мен де бала, сен де бала,
Егiз қаз секiлдi едiк көлдегi ана.
Сiрəда ойладық па, уақыт бiздi
Бөлiп те тастар-ау деп əр арнаға.
IV
Есiмде сол күндердiң кескiнi əлi,
Күркiреп мешiн жылы – көштi қары.
Талпынып өсiп келе жатты солай,
Қалқиып қара бала қос құлағы.
Есiмде талпынғаным, алқынғаным,
Сəуiрдiң самалындай аңқылдадым.
Қынынан жаңа ғана суырылған
Жалаңаш қылыштай да жарқылдадым.
Əпкежан, кiм түсiнер сендей менi,
Көңiлiң мен дегенде көлдей ме едi!
Бiлмеймiн, қанша уақыт жүрдiм киiп
Сыйлаған өзiң маған сол жейденi.
Балауса көңiлiмнiң не сырлары
Бас құрап, таңғы шықтай қосылғаны,
Содан соң ақ бұлақтай жосылғаны –
Сол кездiң еншiсiнде, есiмде əлi.
Əпкетай, есiме алсам бүгiн сенi,
Жеткiзiп айта алар ма тiлiм соны.
Жейдем де алау түстес, жалау түстес,
Көзге ұрып сонадайдан тұрушы едi.
Құмар ем қызыл түске бала жастан,
Кигенмiн қызыл жейде мен о бастан.
Қызығып бала бiткен, жерде қалса,
Жемiрлеу қызыл бұзау ала қашқан.
Құштар ем қызғылт түске бала жастан,
Қиылып қарағандай маған аспан.
Бiр уыс алау болып мен де кеше
Ал қызыл бұлт iшiне араласқам.
Қырандай томағамды толғап таңнан,
Қиянға қанатымды қомдап барғам.
Ақиық армандарым сол мезетте
Жұлдыздар кеудесiне орнап қалған.
V
Есiмде қозы баққан бiр күндерiм,
Жартасқа дауыс жалғап, күңгiрледiм.
Мен сонда қарт Байжандай, таптым бəлкiм,
Жылтырап ашық жатқан жырдың кенiн.
Қолымда кiтабы бар ұлы ақынның,
Құс тұмсық құз-шоқыға шығатынмын.
Ұшуға ендi оқталған қаршығадай,
Ұмсына өлең оқып тұратынмын.
Ақынның тiлi жеңiл, сөзi майда,
Жүрекке жылы тиер, сезiм, ойға.
Қарнымның ашқанын да сезбейтiнмiн,
Ұмытып лақтар қайда, қозы қайда?
Бiлмеймiн, кезқұйрық па, бүркiт пе едi?–
Кенеттен қозыларды үркiткенi...
Құйылып келе жатты, жұта салып,
Қайтадан жiберердей бүркiп менi.
Болмады мұршам менiң ойлануға,
Келмедi жалтаруға, бой бағуға.
Əлгi жойт аққан бойы қона кеттi –
Үстiме, күннiң ақшам-бейуағында.
Есте жоқ: шыңғырдым ба, жыладым ба,
Жан дəрмен тiрестiм бе, құладым ба?
Ұйпалап өте шыққан бiр құйынның
Ызыңы қалып қойды құлағымда.
Пəлекет шүйлiктi екен көрiп ненi,
Əлде бiр ерiккенi, желiккенi?
Тасадан тап беретiн қарақшыдай,
Олжалап кетпек пе едi жеңiп менi.
Бұл дүлей елестеткен көзге ненi?
Мен емес, өзге ме едi – көздегенi?
Сойылдай соғып өтiп, сол мезетте
Жартасқа соқтыққандай тез жөнедi.
Дəнiккен озбыр шiркiн жат ұяға,
Менi əлде тар көрдi ме тақияға.
Тастаққа бiр аунатып кете барды,
Есептен жаңылғандай қапияда.
Құзғынға жем болуға таядым ба?
Шамам аз, шарам да жоқ аянуға.
Ғайыптан аман қалдым, құтқарушым –
Беймəлiм: аяғым ба, таяғым ба?
Бiлмеймiн, қанша жаттым есеңгiреп,
Япыр-ау, бұл не деген есерлiк ед!
Бiр кезде есiм кiрiп... көзiмдi ашсам,
“Тұр-тұрлап” оятып тұр көсем жүрек.
Сəл жаттым көңiлiм пəс, көшем жүдеп,
Кеткендей бiр сұғанақ есемдi жеп...
Садақа берiп ең-ау сол күнi сен:
“Сақтай гөр пəлекеттен кеселдi!” деп.
Болды ма қабыл сенiң бұл тiлегiң?
Күлкiммен көз жасыңды сүртiп едiң.
Ол кезде бiлдiк пе бiз, əпкешiм-ау,
Жылдардың бұлты қалай дүркiрерiн?
Кiм бiлсiн, тап болармын қай ағынға,
Жолымды жоғалтам ба мая-құмда?
Мен əйтеу, тағы құстан жеген едiм
Тағдырдың ең алғашқы таяғын да.
Бiлмедiм не күтерiн ертең менi,
Бiлгенiм – балапанның жем тергенi...
Күн сүйiп маңдайымнан, кекiлiмдi
Жел тарап, бесiгiмдi жер тербедi.
Ұя сап қойнына Күн, балағына Ай,
Алаңсыз өте шығар балалық-ай!
Бал дəурен қызығына қайта батып,
Жайраңдап жүре бергем баяғыдай.
VI
Ал ендi сол күндердi есiме алсам,
Сезiмнiң ақ бұлағы қосылар сан.
Көңiлдiң қоламталы шоғырында
Жылдардың шоғы жатыр – көсiп алсаң!
Талайдың бұл өмiрде мұңы қайтқан..
Титтей ұл тiрi қалды iрi жойттан.
Кезiнде бiр дүрлiгiп ауыл-аймақ,
Кейiнде жырдай етiп, күлiп айтқан.
Балалар мұны өзiнше талқылаған,
Көбiне бұл қызықтың нарқы ұнаған.
Кейбiрi бұтын шаптап, бiрi мақтап,
Қарадай қайсыбiрi қалтыраған...
Не керек, “қорқақ” та мен, “ер” де менмiн,
Көбейдi бiлгiшсуi көрмегеннiң.
Қысылып, бiр қызарып, бiр бозарып,
Топ бала ортасында терлеп “өлдiм”.
Бiрi шықты езуi көпiрiп кеп:
– Бұл алдап тұр, бəрi де өтiрiк,– деп,–
О заман да бұ заман, кiм көрiптi
Құс адамды бүргенiн екi бүктеп?
Ендi бiрi: – Осынша бөсiп...– дедi,–
Сенбес бұған бала да бесiктегi.
Бүркiт түсiп үстiңе, аман қайтсаң,
Мен мұрнымды берейiн кесiп, тегi.
Ежiрейдi үшiншi бала маған:
– Иə, бəсе... мұрны да қанамаған.
“Шықпаса атың – жер өрте” дегендейiн,
Бос сөз ғой, қай ақымақ нанады оған.
Тамам бала солайша даурығысты,
Жүгiрттi де сан-саққа “даулы” құсты.
Даурыққандай “жеңдiм,– деп,– жауды күштi”–
Атақ алдым, “ерлiктiң” аулы ығысты.
Мақтанайын деген де ойым жоқ-ты,
Не дерiмдi бiле алмай, миым қатты.
Терiс қарап, амалсыз жер шұқыдым,
Көпе-көрiнеу көпшiлiк “мойындатты“.
Тiл болса ғой, о шiркiн, қозыларда,
Осы дауды тұрмас ек созып онда!
Шындықты айтар бiр куə шықпаған соң,
Қылжақ қуған қызба топ сөз ұғар ма?
Бiраз жерге барыстық сол дабырмен,
Соқтығам деп тағыға –“сорладым” мен.
Дəлелi жоқ шындықтың құнсыздығы
Тұңғыш рет миыма сонда кiрген!
VII
Осылай өзiмдi-өзiм “қорладым” мен,
Шындықтың тағдырын да сонда бiлгем.
Жаныма нақақ жала қатты батты,
Тiкендей тəн сыздатып қолға кiрген.
Өмiрдiң бiр сабағын алғам солай,
Əңгiдей – құмнан “соққан” қорған-сарай.
Топ бала “сөз бiттi” деп тарап кеттi,
Ақиқат бiр сырымды жалған санай.
Аш мысық тырналасын, ал iшiмдi,
Шырқырап торғай-жүрек жан ұшырды.
Үнi ащы, ашық күнгi найзағайдай,
Бұл жағдай осып өттi намысымды.
Қайран да бала көңiл от оранған,
Намысшыл, сəл нəрседен секем алған.
Жəутеңдеп қала бергем сол жолы мен,
Топ бала “жау” жеңгендей кете барған.
Сол шақтың сапар шексем қиырына,
Ендi мен күлкi үйiрiп миығыма,
Сағына еске алам да, шаң қонбаған
Шөлдеймiн сəби көңiл тұнығына.
Сонда ғой... қалыс қалған қыздар жағы,
“Ерлiктi” олар менен қызғанбады.
Қимады “бөспе” деген атаққа да,
Демедi: “Суайт шiркiн, бiздi алдады”.
Iшiнде бар едi бiр сүйкiмдi қыз
(Көбiмiз сүйкiмдiге икiмдiмiз),
Қиыла қараушы едiм оған мен де,
Дейтiндей: “Жетi түнде ұйқымды бұз!”
Мейманам төгiлгенде, мен “жеңiлiп”,
Көзiме жұрттан ерек сол көрiнiп,
Есекке терiс қарап мiнгендейiн,
Кетуге аз қалып ем жерге кiрiп!
Ол болса, қиғаш қасы дiр етiп бiр,
Шеттеген, нұрлы жүзiн жүдетiп құр.
Амал не, тiл байлаулы, көптiң мысы
Қайран да жiгерiмдi құм етiп тұр.
Түсiме сол қыз кiрiп, бейне менi
Жаладан қорғап, толғап сөйлер едi:
“Мұратжан жалған айтып көрген емес,
Балалар, ұят қой бұл... қой!...” дегенi...
Осы сөз, түс болса да, дем беретiн,
Кей мезет бала қиял ерленетiн.
Кiм бiлсiн, нышаны да болар-ау бұл,
Қилы бiр тағдырлардың мен көретiн.
Сол қыздың аты, сiрə, Үмiт пе едi?..
Желпiнтiп кетушi едi, күлiп, менi:
“Əдейi ыза қылып айтады жұрт,
Соған да жаси ма екен жiгiт, тегi.
Қағытпа əзiл сөздi шын көресiң,
Сен қайтiп бұл түрiңмен күн көресiң.
Қалайша ерiккен ел жүндемесiн,
Өзiңдей – iшiндегi үндемесiн.
Сөз керек, балаларға қызық керек,
Табылар байқайтындар сүзiп те көп.
Тапқыр тiл, өжет қимыл – серiк болса,
Шығарсың тосқауылды бұзып кенет.
Соза алмас əркiм қолын құр жарауға,
Ыңғайлы – жуас бұзау жұлмалауға.
Байқасаң, аңқаулар кеп түседi екен,
Ебi бар ерiккендер құрған ауға”.
Осы сөз бiтiрдi ме қанат маған,
“Жал сүзiп”, кекiлiмдi тарақтағам.
Асырып “өнерiмдi” көп құрбымнан,
Кейде бiр аш бөрiдей алақтағам.
Өзiмше көп толғанып, сан ойлана:
“Ұнжырғам түскен, – деймiн, – қалай ғана?
Өзiне өтiрiгi майдай жағып,
Шаң жұқпай жүрген жоқ па талай бала...”
Кейде бiр өзiмдi өзiм қайраймын ба? –
Бу атып, бұрқ-сарқ етiп қайнаймын да.
Елiктеп өзгелерге, зерттеп бақтым
Неше атасын “ойбай” мен айғайдың да.
Бiрақ мен сыйыспадым бұл “өнермен”,
Күндерiм көп блса да күле келген,
Қаныма сiңiп қалған бiр мiнездiң
Бағын да, азабын да жүре көргем.
Бас тарттым мысыққа ұқсап майпаңдаудан,
Бəс тiгiп өттiм талай “сойқан” жолдан.
Мен шеккен зардап аз ба, осы өмiрде,
Шындықты “қисынды” етiп айта алмаудан.
Балалар қара сирақ, ала мойын
Кейiннен есейдi де, тарады ойын.
Көтерiп сонда менi, қомдап едi
Қанатын балғын топшы балаң ойым.
VIII
Жадымда сол жылдардың сырлары жүр,
Кеудемде толқынданып тулады жыр.
Естiп ем ескi жартас жаңғырығын,
Жолығып бiр қарияға бұрнағы жыл...
Қарт та сол оқиғаны есiне алып,
Сөйлеп бiр кеткен едi шешiле ағып:
– Ол кезде қырықтағы жiгiтпiн мен,
“Қымыз бен қызық қайда – қосылалық...”
Сондай бiр жиын-тойда, əңгiмемiз
Өзiң боп, көп естiлдi əрлi лебiз.
Қымыздың буы бойға тарағанда
Қызынып дуылдастық, ал, мiне, бiз...
Бал ашып ерiккендер қызу кейде,
Даурығып, өздерiнше гүлжiлдей ме:
“Қызылға қанатты құс өш келмей ме,
Бəрiне кiнəлi, – деп, – қызыл жейде...”
Дау-талас өрши келiп, қызады əрi,
Бiлгiш көп, жорамалдар ұзарады.
– Тегiннен тегiн емес... Көресiңдер,
Шығады нағыз жiгiт бұдан əлi...
– Əй, тоқта... Не екен өзi сол түскенi?
Шағын ба, əлде əйдiк зор құс па едi?
(Аталып шықты барлық құс бiткеннiң
Тұрпаты, пошымы мен өң-түстерi).
– Жə, қойшы... Қорыққанға қос көрiнер,
Қарғадан қалған шығар сескенiп “ер”.
Əйтпесе, қалай аман қалды дейсiң,
Құрдан-құр ербеңдетсе қос қолын ол?
– Кезқұйрық – қанаты егер далпылдаса...
– Сақтай гөр, қара құс та қарқынды аса...
Пəленiң аулақ бетi... Атай көрме,
Ол ендi оңдырмайды алқымдаса.
– Жүрегiм сезедi-ау бұл... соны ұғамын:
Байғұстың болмаса игi соры қалың.
Бейкүнə, жазған бала қайдан бiлсiн,
Алдынан не хикмет жолығарын...
Сол кезде топ iшiнен бiр өктем үн
Саңқ еттi: – Тəйт əрi,– деп. – Бұ не еткенiң?
Қайдағы жамандықты бастадыңдар,
Осы ма жас балаға тiлектерiң?
Жоқты айтып отырсыңдар, жүдеп тегiн,
Тас па, əлде саз балшық па жүректерiң?
Мұратжан – ердiң ерi, он үшiнде
Бiлекпен қысып көрген үлек белiн.
Бұл сөзге кеттi бiреу арқаланып:
– Баланың тым алысқа тартары анық.
Қарға деп, кезқұйрық деп кемсiтпеңдер,
Бүркiтпен күш сынасқан ол нақ алып.
Бəлкiм, ол нағыз тұйғын қыран шығар,
Шынында ердiң ерi бұған шыдар.
Өктем күш тегеурiнiн бұзып-жарып,
Өз бағын өр намысты ұлан сынар.
Мен бiлсем, Мұратжанға бақ қонады,
Жетiспей жүрмесе тек баптағаны...
Қарашы, шоқтай жайнап тұрған жоқ па
Қилы ұшқын шашыратқан от жанары.
Түбiнде бұл балаға дарын қонар,
Айтса да, сұңғылалық қанында бар.
Дегдар би емес пе едi арғы атасы,
Тастының мол суындай ағынданар.
...Қария көңiлiне көп сыр сақтаған,
Соны айтып, құс жастыққа шынтақтаған.
Тасқынды тасты өзен түссе есiме,
Қарадан-қарап тұрып сусап қалам.
Иə...
Сол күнi ауылда бiр той боп жатқан,
Тойшы жұрт гуiлдесiп, жайраң қаққан.
Бəрiнiң əңгiмесi мен болғанда,
Көңiлге ой салар көп жайды аңдатқан.

Бiлмеймiн, қайсысының сөзi келдi?
Бұл күнге жеткенiнiң көзi көрдi:
Ер жiгiт қилы күнге кезiгер-дi,
Мен соны жүргендеймiн сезiп ендi.
Жоқ бүгiн қызыл жейде... тозып қалды,
Уақыт та бiраз жерге озып барды.
Кеудемде, бiрақ менiң, қоздап жатты
Үмiттiң қызыл шоғы... соны ұққам-ды.
Қалды да қызыл жейде тамсандырған,
Күн жеттi өзгешелеу əн салдырған.
Аспанға қарап едiм, со мезетте
Бiр жарық жұлдыз көрдiм қарсы алдымнан.
Мен соны арманым ба деп қалғанмын,
Ұшып-ақ кетсем бе деп оқталғанмын.
Сиқырлап жас жанымды жарық жұлдыз,
Қияннан көз айырмай, көп толғандым.
Асығыс жолға шыққам кешкi ымыртта,
Əпке, сен қалып ең ғой ескi жұртта.
Екеумiз кездеспедiк содан қайтып,
Бейне бiр айналғандай қос құрлықа.
Сен менен алыстасың, əпкешiм-ау,
Салып та жүрсiң бе, əлде көпке сұрау.
Көзiмнен ыршып шыққан төрт тарам жас
Жырымның жолдарындай жатты осынау.
Тұтатып қызыл шоқты кеудемдегi,
Қызулы үмiттерге ерген менi –
Шоқтанған жұлдыздардың шоғырынан
Көрiп те қалдың ба, əпке, сол кездерi?
Жеттiм бе, дегенiме жетпедiм бе,
Мезгiлсiз қурадым ба, көктедiм бе?
Қасымда жоқтығыңнан, қанша запыс
Тарттым мен тағдырдың тар өткелiнде.
Көрдiм бе не көрсем де – көресiмнен,
Жұрт құрлы өттiм бiраз белесiмнен.
Мен, əйтеу, жансам дағы, сөнсем дағы,
Жан əпке, шығармадым сенi есiмнен.
Мəуесiн көңiлiмнiң қыжыл жей ме? –
Кетедi жеңiл тартып тұзым кейде.
Сабама түсiредi сонда менi,
Балалық байрағындай қызыл жейде.
Х
Есiмде тағдырыма бал ашқандар,
Жоқ жерден айтыс бастап, таласқандар.
Тап басып айта алмаймын, қайдан шықтым:
Жолынан адасқан бар, əрi асқан бар.
Жанды ма ел қатарлы бағым менiң –
Жанымнан жанашыр боп табылды елiм.
Жолықтым жақсыларға, солар маған
Сыйлады көңiлiнiң дарулы емiн.
Бiреуден əлде менiң күйiм кем бе,
Кеткен жоқ құт-береке үйiмнен де.
Қарымын өз халiмше қайтарам деп,
Еңбегiм азды-көптi бұйырды елге.
Тапшылық көрдiм демен киiмнен де,
Сан жейде түсiп қалды иiннен де.
Əйтсе де, əпке, сенi есiме алам,
Шаптасып толқынмен де, құйынмен де,
Долы күш қаңбақ құрлы үйiргенде,
Есiме алам сенi, сараң серi –
Тағдырдың тас қабағы түйiлгенде.
Сойылын елден бұрын бұзық қамдар,
Содырға мүйiз бiтсе – сүзiп қорлар.
Болды ма “жүнiм қызыл”, қарсы алдымнан
Сан шықты маған да бiр “қызыққандар”.
Бiлмедiм, қай жауыздың харам iсi? –
Əлде бiр кезқұйрығы, қарақұсы.
Жарықтық бүркiттiң де дара күшi,
Оның да қызыл көрсе жанады iшi...
Кiм бiлсiн, тағдыр жазған несiбем бе?
Қандай бiр сұрқылтайдың өшi менде.
Əйтеуiр, көлеңкесi көл жапқандар
Жапыра жаздар едi сесiмен де.
Тоқпақтай қағып өтiп бұлшық етпен,
Сыдырып жон терiмдi қыршып өткен –
Жыртқыштың тырнағына iлiккенде,
Торғайдай шықты даусым шыр-шыр еткен.
Болғанда – мен сұр көжек, кiмдер барыс?
Ұстадым азулыдан iргемдi алыс.
Өзiңе елеңдеумен өттi-ау жылдар,
Жан əпке, iздеп сенен бiр қорғаныш.
Кейде бiр лепiргендер жепiргенде,
Кетедi күңiренiп жетiм кеуде.
Зар болдым залп үнiндей лебiзiңе,
Маңдайым тасқа тиiп, өкiнгенде.
Мен де бiр көк балауса емес пе едiм,
Басымнан аз ғұмырда не кешпедiм.
Япыр-ау, өтiрiк пе, əлде шын ба,
Тағдырмен осыншама егескенiм?
Сағынған жетiм бұлттай теңiз демiн,
Үмiттiң жiбек жiбiн мен үзбедiм.
Бұл жаным нөсер тiлеп булыққанда,
Жан əпке, сенi iздедiм, сенi iздедiм.
Қайтейiн, қанатым да жоқ-ты ұшарға,
Бейшара көбелекше от құшам ба?
Дем бере айтқан сөзiң сонау жылғы,
Күмбiрлеп құлағыма жеттi сонда.
Көмiлiп көк толқынға, ақтым бойлап,
Бұдырсыз жалтыр мұзда жаттым жайрап.
Сол кезде ғайыптан сен үн қаттың да,
Таттанған жiгерiме таптым қайрақ.
Есiмде сондағы айтқан кеңестерiң,
Сен маған баз қалпыңда елестедiң.
“Сан жейде тоздырарсың, тiрi болсаң,
Жарығым, аман жүршi!” демес пе едiң.
“Алданып қалма, – деушi ең, – тоқ күнiңе,
Көйлектiң көптiгiне, көктiгiне.
Ұмытпа ер борышын, ел намысын,
Əр iсiң лайық болғай тектi iрiге”.
Айтпаймын өзiмiн деп тектi iрiнiң,
Елеусiз жүрген көптiң тек бiрiмiн.
Ез деп те ешкiм менi айта қоймас,
Кейде бiр найзағайдай өткiр үнiм.
Жоқ менiң ер едiм деп бөсер жайым,
Көнтекке – келтек барда, кесел дайын..
Менiң де бұршақ жауған күндерiм мен
Басымнан өттi талай нөсерлi айым.
Бұйырар деп жүргенде сый iзгiге,
Көңлiмнiң ышқынды ма күйi үздiге.
Кең жерде тап болдым ба тар өткелге,
Жем болып кете жаздап мүйiздiге.
Жазмыштың кей тəлкегiн жазу күнə,
Алдымда жатты ма əлде қазулы ұра.
Екi аяқ еркiндiктен жерiдi ме,
Жем болып кете жаздап азулыға.
Көбiрек жолықтым ба ұяттыға,
Көзiмнiң сорасы əлде жиi ақты ма?
Бетiмдi қан жоса ғып тiлдiрдiм бе,
Мiскiн боп тырнақты мен тұяқтыға.
Кезiгiп тiстiлер мен күштiлерге,
Жотамды жондырдым ба үскiмен де.
Мазағын тағдырымның көтерем деп,
Азабым тыныш жатқан түстi ме елге?
Үйренiп қиын тiлiн күрестiң де,
Алпауыт, алыптармен тiрестiм бе?
Болмаса, желдi күнгi ақ шырақтай,
Қасқарып бiр жандым ба, бiр өштiм бе?
Айтайын қайсыбiрiн... Қаншама ағын
Соққылап, жүрегiмдi паршаладым.
Жан əпке, мынау жарық дүниеде,
Өмiрдiң алдым мен де сан сабағын.
Заманға дөп келдiм бе ақыл озған,
Кезеңге кез болдым ба батыр азған.
Сəттерiм аз болмады – жазық жерде
Мүлт кетiп, аяқ асты қапы жазған.
Ақылым бар ма десем бiр кiсiлiк,
Əлдекiм қарсы алдымнан күлдi iсiнiп.
Ақситып азу тiсiн, еттi тəлкек,
Көзiнен ызғар есiп, зiлдi-суық.
Өзiңше əулие боп туғаныңмен,
Қулықты жеңе алмассың құр дарынмен.
Аңырып тағдырдың тар айрығында,
Ат басын қайда ғана бұрмадым мен.
Бiр түспей тақымыма даңғыл жорға,
Қанша рет көшке ере алмай, қалдым жолда.
Атының майын сұрап айлалының,
Өзiмдi өзiм сатып алдым зорға.
Осы елдiң мен болғандай ақымағы,
Бiреулер шалғынымды жапырады.
Достың да қымбатына пұлым жетпей,
Жiлiгi – арзанының татымады.
Мен сонда мүжiлдiм бе, үзiлдiм бе,
Əлде бiр зар болдым ба құзырлы үнге.
Күйсе де күреңiтiп жүзiм Күнге,
Кеппедi кеудемдегi сызым мүлде.
Мен көрдiм – талтүстегi iңiрлердi,
Мен көрдiм – өлiп қайта тiрiлгендi.
Безерген бетiме де күлкi үйiрiлмей,
Кезерген ернiм тозып тiлiмделдi.
Кез болды – жақын күндеп, жат тiлдеген,
Көз көрдi безгенiн де бақтың менен.
Дүниеден көшiп “ана” жаққа қарай,
Кенеттен өшiп бара жаттым деп ем.
Өтiп-ақ кеткенi ме отты кезiм,
Көк жасық тарта бердi көп мiнезiм.
Сол кезде, жаным əпке, жан ұшырып,
Көмекке жер түбiнен жеттiң өзiң.
Жанған бiр шырақ едiм маздау үшiн,
Жалп етiп сөнерiмдi сездi-ау iшiң.
Сол кезде, жаным əпке, естiлген-дi
Саңқ етiп құлағыма өз дауысың.
– Қарғам-ай, жүдегенсiң қалай ғана,
Сарсылып бiттiң бе əлде сан ойлана.
Абайлап жүрсең еттi, бейқам болсаң –
Шағады құмырсқа да, талайды ара.
Күнiм-ау, мұнша неге күйiң кеткен?
Соншама жұмсақ едi иiң неткен.
Əлде сен қорландың ба, қол қысқада
Үнемдеп ұстаймын деп тиынды еппен.
Ашпысың, не болмаса киiм жоқ па,
Əлде бiр итарқа ма – үйiң жаппа?
Жұлдызы биiк тұрар жiгiт үшiн
Шыж-быжы тiршiлiктiң бұйым боп па?
Болды ма қатарыңнан төмен бағың,
Көңлiң де таппады ма кемел бабын?
Қылыштай жарқылдайтын кезiңде бұл,
Тоттана бастағаның неден, жаным?
Сен, сiрə, мұндай ма едiң, мұндай ма едiң?
Жүлдесiн алар деушi ем мың бəйгенiң.
Қарайып қап түбiнде қалмасыңа
Күмəнiм болмайтұғын қылдай менiң.
Сенгенмiн таймасыңа мұздан сенiң,
Сезгенмiн көңлiңнiң де қызған шоғын.
Жол тауып шығар деушi ем, сенi тосқан
Он мыстан құлатса да құздан селiн.
Көрушi ем əкетердей жауды өңгерiп,
Өзiң-ақ қалғансың ба жəукемделiп.
Тiрлiктiң тар қамытын кигеннен соң,
Пiлдiкке алғансың ба əбден көнiп.
Сен деушi ем – өмiрге бiр туса ғашық,
Болар деп ойламадым мұнша жасық.
Жiлiктiң басы шоршып ұшпас па едi,
Жiгiттiң ауыр мысы тұрса басып.
Байлық пен мансап қуып кеттiң бе əлде,
Түстiң бе күйректiктен, жоқ, бұл халге.
Барға – асып, жоққа жəне жаси көрме,
Тек сонда жүректе от, екпiн бар де.
Қуатым, бұға берме, серпiл ерше,
Құм болар еркiн еңсе – сертiң өлсе.
Келмейдi топан су да тобығынан,
Ер жiгiт намысының өртiне енсе.
Қиямет көпiрiне жол тiрелсе,
Көз байлап соқыр тұман, жер түнерсе,
Қанатын тосар саған Таң шапағы,
Күнiң – түн, улы үрейдiң дертi жеңсе.
...Жан əпке, көлдей сенiң пейiлiңдi,
Үнiңдi сағынып ем мейiрiмдi.
Ендiк пен бойлықтарды көктей өтiп,
Ақыры жалт қаратты-ау зейiнiмдi.
Бiлмеймiн, таң ба, кеш пе – анық қай уақ,
Көгiлдiр нұрға бөгiп қалыпты аймақ.
Шығыстан ескен желдей, сенiң үнiң
Кеткен-дi жiгерiмдi жанып, қайрап.
Мен содан күш алдым ба қуаттанып,
Бойымды тiктеп алғам, құлап барып.
Дүние дидарына жалт қарасам,
Ай туып келе жатты құлақтанып.
Сол сəтте... Өң бе, түс пе, о тəңiрiм,
Кеттi ме артық соғып не тамырым:
Мен Оны тағы көрiп, таң боп тұрдым,
Айналып кеткен кезде жотаны Күн.
Ол тұрды түпсiз əлем түкпiрiнде,
...Қасымда... Қол созым жер тiптi мүлде.
Көрiктiң аузындағы шоқтай жайнап,
Ал қызыл нұр-бояуы жұқты гүлге.
О, сонда мен сорлыда ес бар ма едi?
Армандай сол Жұлдызым тосты, ал менi!
Оймақтай жанарымның ойпаңында
Бiр буда гүл боп тұрды достар легi!
О, сонда менде қалған ес бар ма едi,
Мендей де iшпей-жемей мас бар ма едi?
Өлгенiм тiрiлгендей, өшкен жанып,
Сол жұлдыз қол созымда тосты-ау менi.
Бiр жұлдыз жанып тұрды-ау шоқ сəулелi...
ХI
...Сол күнi түсiмде мен сенi көрдiм.
Жарқ етiп жарты аспанда бала бүркiт,
Жалбыр шаш жабағы бұлт барады үркiп.
Қылтиып Күн құлағы көз көрiмнен,
Күншығыс тұрған едi алабұртып.
Сол ма екен қыз-дүние сүйген бояу,
Көйлегiн ақ жiбектен кигендей-ау.
Ару Күн алтын шашын судыратып,
Өр басын сəндi iзетпен иген баяу.
Əлгi бiр бала бүркiт оттай жанып,
Ақ шаңқан күмбез бұлтты өттi айналып.
Менiң де құс-көңiлiм дүр сiлкiндi,
Көзiмнiң ұшына ыстық шоқ байланып.
Жан əпке, көресiң бе, сенесiң бе,
Шынымен өзiңсiң бе, елесiң бе?
Қасыңда Сүйкiмдi қыз, сен тұр едiң
Шаншылған Қыран шыңның төбесiнде.
Түсiм деп айтсам ба екен, өңiм деп пе?..
...Жеткен-дi саған созған қолым – көкке.
Өйткенi сен тұр едiң Күн қасында,
Сөйттiң бе əлде маған көрiнбекке?
Тұр едiң маған қарап күлiмсiреп,
“Жаным-ау, тоңып қапсың, жылыншы!” деп.
Мен сенi күнде көрiп жүргендеймiн,
Мен сенi көргендеймiн бiрiншi рет.
Бiр жылу сол күлкiңнен сезiндiм де,
Айналып жүре бердiм өзiм Күнге...
...Түсiмде сенi көрдiм, жаным əпке,
Талықсып таң алдында көз iлдiм де.
ХII
Жан əпке, көрдiм сенi... Жүрсiң бе аман?!
Сезiм – құс, ақ қанаты сусылдаған.
Екеумiз егiз елiк емес пе едiк,
Бiр таудың бұлағынан сусындаған.
Естiсiн дауысымызды, бiлсiн ғалам,
Ағынан жарыла бiр күлсiн далам.
Көк тiреп өркештенген өр тауларым
Жеткiзiп хабарыңды тұрсын маған.
Сол бiр күн... бiз екеумiз жолыққан күн,
Мен сенi Күн қасынан көрiп қалдым.
Биiктеп бара жаттың көз алдымда,
Жетпес деп созған қолым – қорыққанмын.
Мен көрдiм жанарыңнан жарық нұрды,
Сөзiңдi жел жеткiздi, тау ұқтырды.
Аспаннан ақ моншақтар шашылғандай,
Сiркiреп бiр ақ жаңбыр жауып тұрды.
Нұрлы бiр жаңбырларды кiм тiлемес?
Нөсерi жоқ болса – бұлт күркiремес.
Сен барсың, жаным əпке, сондықтан да
Бақытсыз болуым да мүмкiн емес.
Жан əпке, түсiнбешi терiс менi,
Мен де ендi бала емеспiн он үштегi...
Болды ма жолым ауыр, оны да бiл –
Бар болса көңiлiмнiң кемiстерi.
Киiп ем қызыл жейде жалқындатып,
Кешiп ем саз-балшықты балпылдатып...
Мен бүгiн қоңыр төбе басына кеп,
Отырмын ойларымды салқындатып.
Басына қоңыр таудың келетiнмiн,
Сол тұстан өзiңдi анық көретiнмiн.
Қолыңда ақ орамал желбiреген,
Үстiнде ақша бұлттың сен отырдың.
Есiмде балалық шақ, баяғы кез...
Есiмде мейiрiмдi, аялы көз.
Содан ба, iзгi үмiттер жетегiнде –
Ешкiмнен күтпеушi едiм аяр мiнез.
Əпкежан, ренжiмешi, өтiнемiн,
Тұтатты үмiтiмнiң отын елiм.
Қоштасып қызыл жейде киген күнмен,
Жұлдызды арман қуып кетiп едiм.
Таптым ба, таппадым ба жұлдызымды,
Күй кештiм бiрде салқын, бiр қызулы.
Бəрiнде жебеп менi жүрдiң өзiң,
Биiктен жарқыратып нұр жүзiңдi.
Қайсыбiр қарлы шыңнан қалдым аспай,
Шөл қысты кейде менi – қарным ашпай.
Сонда да өзiң шықтың қарсы алдымнан,
Қанатымен су сепкен қарлығаштай.
Көрсе де бұл өмiрде көптi көзiм,
Еп құрып күн көретiн жоқ мiнезiм.
Ар-ұят сынға түскен шақтарда да
Iзгiлiк рухы болып жеттiң өзiң.
Кейде өмiр ызғарын да тақап өтер,
Ал бiрде көңiлiңнен қапа кетер.
Менi де арқа тұтқан жандар болса,
Сендегi мейiрiмнiң шапағаты ол.
Өзiңдей жандар барда көтерген үн,
Өмiрге өкпелеуiм бекер менiң.
Сенiң сол мейiрiмiң болмағанда,
Тас бауыр қатыгез боп кетер ме едiм?..
Өмiрге көптi берiп, алсам аздап,
Елiме махаббатым жанса маздап,
Сен берген мейiрiмнiң арқасы ол да,
Кеудеме үмiт шоғы толса қоздап.
Тiрелсе жолым кейде тосқауылға,
Арқасын тiлеулестер тосты ауырға.
Мың мəрте қарыздармын бүгiнде мен,
Өзiңдей ƏПКЕ, АҒА, ДОС, БАУЫРҒА.
Жүрекке iзгiлiктiң егiлгенi –
Көңiлге жарық сəуле себiлгенi.
Мұңайсам – маңдайымнан сипап тұрып,
Сүрiнсем – сүйеп қалды елiм менi.
Жақсыдан көрмей жүрсем жаттық əлi –
Бiр сезiм көңiлiме пəк тұнады:
Ол – сенiң жүрегiңнен бастау алған
Адамдық мейiрiмнiң ақ бұлағы.
ХIII
Əр сəтi ой ұқтырып, сыр тыңдатып,
Зыр қағып өтiп жатқан шiркiн уақыт!
Жүректi жарып шыққан шаттығың мен
Көңiлге шуақ сыйлар күлкiң – бақыт.
Мен де ендi бала емеспiн он үштегi,
Толықты көңiлдiң көп кемiстерi.
Өмiрдiң сан белесi артта қалды,
Кезекпен алмастырып еңiстi өрi.
Көп болды қызыл жейде кимегелi,
Күлге аунап, ыстық құмға күймегелi.
Көнердi жейде түгiл, шапандар да,
Үзiлiп үлгiрместен түймелерi.
Дəл солай ай жаңарып, күн ескiрер,
Өзге бiр тiршiлiктiң үнi естiлер.
Алдынан бақыт күткен адамдарға
Уақыт та тосын сыйын үлестiрер.
Жылдарың қош айтысар жылдамдатып,
Аяғы жерге тимей зырлар уақыт.
Алтайы қызыл түлкi секiлденiп,
Бiр байыз таптырмас-ау қуған бақыт.
Жылдарың өтсе‚ мейлi... Қалсын Арың,
Сөндiрме көңiлiңнiң шамшырағын.
Тойған бар, бұл дүниеде тоңған да көп,
Шарқ ұра iздейдi олар жан шуағын.
Өтсе де қаншама қыс, күзiң неше,
Өзегi жақсылықтың үзiлмесе,
Қайтадан көктеп шыққан дəндей болып,
Көбейер бiреуiне жүзi iлесе.
Тереңнен тамыр тартып, тарайды əлi,
Бүгiннiң, келер күннiң арай бағы.
Құнарлы топырақтан қуат алып,
Бас құрар адамзаттың жаңа ойлары.
Жаңа ойлар жақсылыққа жар блғай-ақ!
Е-һе-һе-е-й!.. Зор дауысым, заңғарды оят!
Жамандық кетпесiн тек тағы да озып,
Бет-жүзiн, түрi-түсiн жалған бояп.
Күрессек, ал солармен күресейiк,
Жақсылыққа жақсылық тiлесейiк.
Жарық дүние есiгiн ашқан сəби
Өссiн тек дана ойлармен бiр есейiп!
Өмiрде милысы мен данасы көп,
Жүргейсiң жүдегеннiң панасы боп.
Адамдық мүйiрiмдi, бiлемiн мен,
Жақсылық атаулының АНАСЫ деп.
Мейманасы асқандар неңнен ыққан?–
Сенгенi жауыздықтың – сол мен ұққан.
Жақсының жалғыз ауыз жылы сөзi –
Бiр жұтым судан тəттi шөлде жұтқан.
Пейiлi адамзаттың тарыларда,
Жауыздық сылтау iздер қағынарға.
Көңiлден өктемшiл ой аласталмай,
Өмiрден өшпендiлiк арылар ма!
Жаныңды ызғар қарып өтер кей күн,
Ерiтiп көңiл мұзын кетер мейiрiм.
Адамдық ақ пейiлдiң уызымен
Сəбилер ауызданса екен деймiн!
Нұрланып iзгi жандар тiлегiмен,
Күн күлер – мейiрiмнiң реңiнен.
Əлемдiк сыйластықтың қызыл жiбi
Өтедi əр адамның жүрегiнен.
Сол Күннiң бағам десең қас-қабағын,
Мен оның бiле алмадым басқа амалын:
Бiр Жорық керек шығар талқандайтын
Өзiмшiл өктемдiктiң тас қамалын.
Iшiнде сол қамалдың – жүректер бар!
Оларды жалықтырды түнек торлар.
Қақпасын солқылдата соғады, əне,
Жол iздеп бостандыққа бiлек, қолдар.
...Бұл өмiр тосар алға сан сынағын,
Шешiп те үлгiрмессiң бар сұрағын.
Қайғы емес соның бəрi –
Тарыққанда
Мейiрiмнiң қорек етсең тамшы нəрiн.
Қорғаны болсам деумен қорланғанның,
Бұл жаным толқын атып, толғанды əр күн.
Жүрегiм жұмсақ, түсiм жылы болса,
Арқасы ол – мейiрiмi мол жандардың.
Сақтанып суық көзден, не кейiстен,
Өзiмдi жүрем ылғи демей iштен.
Мендегi ұран да сол, мұрам да сол –
Болса екен мейiрiмнiң мерейi үстем!
Өмiрдiң бола бермес жолы жатық,
Кезiгер жалама құз, жары да тiк.
Уайым емес ол да, бəрiнен де,
Жанашыр тiлекшiңнiң бары – бақыт.
Жылуын төксе жаздың шуақ кешi,
Шым-шымдап бүлкiлдейдi бұлақ төсi.
МЕЙIРIМ ұрығын себер жүректерге,
Əркiмнiң бар болса екен бiр ƏПКЕСI!
Жақсылық жақсылыққа жалғанғаны –
Адамның жарық жұлдыз, жанған бағы.
Мен бүгiн жар саламын: “ЖАСАСЫН!” деп,
IЗГIЛIК БАІШАСЫНЫі БАҒБАНДАРЫ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу