Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  114


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ҚЫЗЫЛ ШЫРАҚ

Көшенiң ережесiн бұзып-жарып,
Аптыққан жолаушының iзiн бағып.
Қатерден сақтандырып, қамқор көз боп,
Тұрады қарсы алдыңда қызыл жарық.
Кимелеп, баса-көктеп, қызуланып,
Ұмтылған ұрыншақтың жүзiн қарып,
Тұрады көшелердiң бұрышында
Тыныштық сақшысындай қызыл жарық.
Тұрмаса көз алдыңда ол нұрланып,
Көр соқыр болар едiң сен бiр ғарiп.
Кiшкентай макетiндей алып Күннiң –
Көшеге сəуле шашқан мөлдiр жарық.
Бол, мейлi, жаза баспас мiнсiз дана,
Немесе жаны таза мұңсыз бала,
Созады жасыл қолын сол бiр жарық,
Көзiңе үңiлiп ап үнсiз ғана.
Ол созса жасыл қолын саған қарай,
Өтуге болады ендi арандамай.
Қызыл-жасыл жарықтар арасымен
Жалғайсың сапарыңды алаңдамай
Бiреулер аптығады, асығады,
Əлдекiм өктемдiгiн асырады.
Бəрiне бағыт сiлтеп, жол көрсетiп,
Алдынан нұрлы самал ашылады.
Соғылар жарға талай басың əлi,
Кезiгер тосқауылдар тосын əрi.
Көшелер маңдайында маздаған шоқ
Көзiме оттай болып басылады.
Оқыстан болмасын деп ойран тағы,
Қамқоршы сол жарығым – жол қалқаны:
Жүз қадам жүрген сайын, қас қағым сəт
Тiкемнен тiк тұрғызып, ойлантады.
Алаңсыз жолға шығам ол тұрғанда,
Көшелер – жарға соққан толқынды арна.
Тұрады тосқауыл боп қызыл шырақ
Қатерге, үрейлену, қорқуларға!
...Жұмыр жер – көп көшелi қала шулы,
Ал өмiр жетектегi бала-сынды.
Адамзат! Тағдыры оның өз қолыңда,
Таппайды сенен артық жанашырды.
Дүние дидарына наз боп тұнған
Iзгiлiк шырақтарын маздаттырған
Көшелер – қан тамырлар, тiршiлiктiң
Жүрегiн лүпiлiмен қозғап тұрған.
Сондықтан ошағыңның отын үзбе,
Оқ емес, бомба емес, көпiр iзде.
Қарайық жылу шашып, шырақ болып
Бiрiмiз бiрiмiздiң бетiмiзге.
Болса да қауырт шақ не жайшылық тек,
Мүлт қадам ұрындырар қайшылық көп.
Жолында əр адамның бiр-бiр шырақ
Маздасын зұлымдыққа қарсылық боп.
Биiктен дүниенiң жүзiн бағып,
Тұратын iзгiлiктiң нұрын жағып,
Мейiрiм шұғыласы – жұмыр жердiң
күзеткен тыныштығын қызыл жарық.
Мейiрiм шоғын үрлеп – көңiлге сап,
Сыз қапқан кеуделердiң тоңын босат.
Қап-қара қатыгездiк аймағында
Шипалы шырақтар жүр шеру жасап.
Қатерден жанды қағып, арды бағып,
Қайғылы апаттардың алдын алып,
Дүние бүтiндiгiн күзетушi
Сол шырақ тұра бергей мəңгi жанып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу