Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  87


Автор: Ғұсман Жандыбаев

КӨШ. ИТТЕР

Iздей ме екен жылы орын жүрегiмнен,
Құлағыма ұрылды күйкi үн неше.
Өз-өзiмнен елегiзiп жүремiн мен,
Жан-жағымнан абалап ит үрмесе...
Көш соңынан қашанда ит үретiн,
Ит үрдi-ау деп етпей-ақ ешкiм елең.
Жайлауына жетiп ел үй тiгетiн,
Қой, жылқысын шұбыртып ешкiменен.
Ит үретiн. Көз тiгiп тамашаға,
Қызықтайтын əр елдiң жараны көп.
Қыз-келiншек, шал-кемпiр, бала-шаға:
“Əнеки, бiр көш кетiп барады!” деп.
Көш ұзайды, ал иттер қалыспайды,
Жер тырмалап, ұпайы түгенделмей.
Көпке дейiн жақтары қарыспайды,
Ата жауын өткiзiп жiбергендей.
Көштiң сəнi келмейдi – шəбеленген
Бiрер иттiң шығармай арам терiн.
Асқан көш бұл сан белес, төбелерден,
Қасиеттi қоныс қып далам төрiн.
Мейман келсе ауылға – ит үретiн,
Иттiң даусы кететiн алыстарға.
Аз көрдiм бе мен оның хикметiн,
Күймесiмен уақыттың жарысқанда.
Бiр ауылдың мейiрбан қартына кеп
Тұлпарымды алам да тағалатып,
Алғыс айтып бұл елдiң халқына көп,
Кете барам иттерiн абалатып.
Шалқақтаймын, кеудемдi желге керiп,
Жүрмеген соң өрт қойып, ұрлық қылып.
Адамдары ақ көңiл елге келiп,
Аттанамын иттерiн дүрлiктiрiп.
Шүкiр, бiз де аман-сау жүрмiз бүгiн,
Соңымыздан əредiк ит үргiзiп.
Ит үредi... Жалғасар тiршiлiгiң:
Қалам ұстап, жер жыртып, үй тұрғызып.
Аяқ асты тап берiп, кез болғанда
Байғұстарды мүсiркеп аядым ба:
Үзеңгiме секiрген жазғандарға
Тиген емес қамшым да, таяғым да.
Ит иттiгiн жасамай тұра алған ба,
Оған ерсең, өзiң де сол боларсың.
Итке өкпе жүрмейдi, мұны аңғар да,
Жолда қалмай тарта бер, қолда – қамшың.
Итпен ит боп жетiскен пенде бар ма,
Қаңқу-саңқу қайғы емес ер жiгiтке.
Одан дағы жолыңды өрге жалға,
Бұлт өңгер, қанжығаңа желдi бүкте.
Өлермендiк – ит мiнез, мұны аңдасаң,
Ер көңiлмен ежелден – өрлiк егiз.
Екi-үш иттi шулатып жүре алмасам,
Онда... онда менi де өлдi деңiз.
...Iздей ме екен жылы орын жүрегiмнен,
Құлағыма соғылды күйкi үн неше.
Өз-өзiмнен елегiзiп жүремiн мен,
Жан-жағымнан абалап ит үрмесе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу