Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  77


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ФАНТАЗИЯ

Фантазия! Айлы түндей тəттi үмiт,
Саған айтар тiлегiм бар дəт қылып.
Шырын түнде шырт ұйқыдан оятып,
Жүрегiмнiң қақпасын аш, қатты ұрып.
Менiң асау сезiмiме ноқта iлiп,
Жетектеп кет, жiбек шалма лақтырып.
Бiр жұлдыздан бiр жұлдызға ырғысын,
Сауырына қара терден қақ тұрып.
Шiркiн, қиял, шiркiн, қиял, қайран-ай,
Шар болатты шарығыңа қайрағай!
Жұмыртқадай шикi басым пiсер ме,
Қазаныңда бүлк-бүлк етiп қайнамай?
Желдi күнi тер сорғалап милықтан,
Солқылдатып шыбық мiнiп, құйғытқан,
Сонау, сонау мұңсыз күндер бар едi-ау,
Бұл өмiрден бiрдi ұқпай да бiрдi ұққан.
Алаңсыз ем, ойсыз едiм, бақытты ем,
Саспас сабаз, санаспайтын уақытпен.
Балапандай үпiр-шүпiр жүрушi ек,
Балалықтың көлшiгiне батып тең.
...Ұйқы шiркiн тəттi ме, əлде күштi ме,
Келiстiрiп көрушi едiм түстi де.
Əлдеқайдан құлдилап кеп, зəренi ап,
Бiр аппақ бұлт құлап түстi үстiме.
Оянып-ақ кетсем деп ем, түс болса,
Мысым құрып...Ұйқы жеңдi мыстанша.
О, құдiрет! Ұшып тұрар едiм-ау,
Бұлт құламай, үстiме кеп құс қонса.
Баса құлап, еш салмағын батырмай,
Көктен түскен тiңiрiнiң хатындай –
Қауырсын бұлт қас қағым сəт iшiнде
Аунап түсiп бара жатты, апырмай!?
Ұмтылдым ба, бiр тұрдым ба, бiр құлап!
Қоңырау-жүрек қоя берген ұрғылап.
Арғымақтың жалына кеп жармасқан
Жас баладай, бұлтқа мiндiм ырғып-ақ.
Небiр жұлдыз ой көгiнен өшуде..
Ал сол сурет кешегiдей есiмде.
Зырлап бара, жырлап бара жаттым мен,
Бұлт үстiнде, шексiз əлем төсiнде.
Ойдан қашқан, ойын қуған борбас ем,
Көкiрегiм сырлы сазға толды əсем.
Фантазия! Тұңғыш рет менiмен
Ақша бұлт боп жолығыпсың сонда сен.
Қаршадай ем, қатпаған-ды бұғанам,
Кiрiп алды көңiлiме бiр алаң.
Кетпей қойды, құдiреттi елестей,
Сол ақша бұлт, үстiме кеп құлаған.
Ертiп кеттiң, соңыңда мен зыр қақтым,
Өттi жылдар... Мұңайттың да, жырғаттың.
Ойларымның суын сығып, басымды
Жалыныңа қақтай-қақтай құрғаттың.
Мен сенiмен қанша мəрте түн қаттым,
Сиқыры мол дүние сырын тыңдаттың.
Жұбымызды жазбастай ек, сен кенет
“Қош ендi...”,– деп, ғайып болдың, қымбаттым.
Содан берi iздеудемiн мен сенi,
Өзiң едiң арманымның өлшемi.
Ақ бұлт болып оралсаңшы қайтадан,
Көтерсеңшi еңкiш тартқан еңсенi.
Тəттi үмiтiм, менiң бала қиялым,
Сенi қалай ұмытамын, қиямын.
Жүгiртiп ал, құрысымды жазайын,
Қуып тастап белiмнiң де құяңын.
Қиын шепке, қиян шетке алып қаш,
Серiгiң ем, сенен жерiп жалықпас.
Тоттанам ғой... тозған пышақ секiлдi,
От шарпытып тұрмаған соң шарық тас.
Фантазия! Жиi оралып келiп тұр.
Жылынайын, құшағыңа енiп бiр.
Тағдыр менен қаттылығын аямас,
Тəттiлiгiн... тəттiлiгiн сен ұқтыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу