Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  102


Автор: Ғұсман Жандыбаев

СОҚ, БОРАН!

Борай, борай соқ, боран,
Сен үрлесең – шоқ болам.
Маған бiткен бiр шырақ
Маздап жанбай тоқтаман.
Үдей, үдей соқ, боран,
Үскiрiгiң – от маған.
Шүрiппемдi сен бассаң,
Мылтық болып оқталам.
Бар күшiңдi сайлап кеп,
Арыстандай айбат төк.
Намысымның наркескен
Найзасын сен қайрап кет.
Қоқсық көрсең – кет күреп,
Тереңге көм тепкiлеп.
Жiгерсiздер жылансын:
“Ойран салып кеттi!”– деп.
Жон арқаңмен көк тiреп,
Жолбарыстай жет түлеп.
Жеңiмпаздар қуансын:
“Желпiнер шақ жеттi!”– деп.
Артымнан қу өкшелеп,
Алдымнан тос “жетсе!..”– деп.
Арлан бөрi сен болсаң,
Мен де өзiмше Көксерек.
Тар қыспаққа тая да,
Талқыңа сал, аяма.
Сал бөксе боп қалмайын,
Салқын жайда, саяда.
Дүлей өртше ти маған,
Мүсiркесең – қиналам.
Шашып кет сен жүгiмдi –
Қырсыздықтан жимаған.
Елжiресең – и болам,
Жиi қабақ түй маған.
Желкенiмдi тiктейiн,
Құнтсыздықтан қираған.
Ашуыңды жи маған,
Көзiме құм құй, боран.
Сұрапылым шықсын бiр,
Көкiрегiме сыймаған.
Жасырмай айт ойыңды,
Жаса, дауыл, тойыңды.
Суық терiм шықсын бiр,
Құрсап алған бойымды.
Қайсарлықты сыйлаған
Қаршығадай диланам.
Қағып кет сен олжамды
Маңдайыма сыймаған.
Тағдыр сынын күтсiн гүл,
Тақыл-тақыл тiксiндiр.
Тiршiлiктiң тiк бақай
Тауқыметiн ұқсын бiр.
Күтiп алсын қиылып,
Сəлем берсiн иiлiп –
Қиянатшыл жан көрсең,
Құтын қашыр, шүйiлiп.
Сорғалап кел, құйылып,
Бұзып-жарып, бұйырып,
Мейманасы асқандар
Жүрер болсын сиынып.
Жалақорды жүгiндiр,
Парақорды буындыр,
Мақтаншақты сүмпитiп,
Маңқасына сүрiндiр.
Кiлем төсеп жолыңа,
Кiлт ұстатпақ қолыңа –
Жағымпазға тап болсаң,
Жағадан ал оны да.
Жортқан жыртқыш жолын кес,
Таңулы ердiң қолын шеш.
Шенқұмардың су жаңа
Шекпенi мен тонын тес.
Селдей жүйткiп көшесiң,
Тас қамалды тесесiң.
Жырымдағыш жылпостың
Төңкерiп кет кесесiн.
Тап болса да неше сын,
Тауың қайтпай, өсесiң.
Тазалап тұр дамылсыз,
Iзгiлiктiң көшесiн.
Ұйтқы, дауыл, ұр, дауыл,
Берме маған бiр дамыл.
Жалтақтамай, жырға бiр,
Қуат барда – құр дəуiр.
Соқ, соқ, боран, соқ, боран,
Сенiң демiң – от маған.
Көрiгiне көңiлдiң
Көпсiтiп бiр шоқ салам.
Қалғып кетсем – селк еткiз,
Қайғы шексем – шер төккiз.
Жүдеп жүрген жандардың
Жүрегiнен өрт өткiз.
Күтем сенi, дауылым,
Сағындырма Тау ұлын.
Тарқамасын сауығың,
Арқама құт – ауырың.
Егес сынға шыдар ер,
Болмас маған шүбəлi ел.
Еңку-еңку бел ассам,
Қарсы алдымнан шыға кел.
Тау теңселтсең, менi iзде,
Толқынмен соқ теңiзде.
Қай қиырда жүрсең де,
Хабарыңды сен үзбе.
Нар тəуекел, келсең кел,
Ез емеспiн кемсеңдер.
Арманыма өзiңнiң
Арыныңдай өлшем бер.
Сының қатал, шеп тараң!
Оты барлар өттi аман.
Сағындырып, аңсатып,
Жер түбiнен жет маған!
Соқ, соқ, боран, соқ, боран!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу