Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  91


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Рауандап тағы таң атты..

Рауандап тағы таң атты..
Тұр, балам, күндi күтiп ал.
Мұратқа жетер – талапты,
Ұйқысы қатты – ұтылар.
Тұр, балам, түндiк ашылды,
Шiркiн-ау, дала, тау қандай!
Шаңырақтан нұр шашылды,
Аспаннан меруерт жауғандай.
Сырылып жiбек шымылдық,
Сусыды сансыз таңбiл жiп...
Шiркiн-ай, неткен сұлулық,
Шiркiн-ау, неткен мөлдiрлiк!
Тұр, балам, құстай қомданып,
Табиғат тұр ғой таранып.
Құрық пен ноқта қолға алып,
Биебау жаққа баралық.
Таң атты тағы рауандап..
Күн сүйдi күмiс шықтарды.
Шертиiп пiскен ақ сабақ,
Таңдайынан сүт тамды.
...Бiтiрiп гүлдер сəн қырға,
Бiлiнiп дүние назы анық,
Жалтылдап тұрса-ау шалғында
Таңғы бiр шықтай тазалық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу