Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  500


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Ұға бiлсең, бұл өмiр – ұлы сынақ...

Ұға бiлсең, бұл өмiр – ұлы сынақ,
Тұра бермес алдыңда жылы ұшырап.
Күн шығады лайықты жауап күтiп,
Ай туады дайындап iрi сұрақ.
Бұл өмiрде сан сапар, бел асасың,
Талқысын да көресiң, тамашасын.
Бiр билетке қол созған студенттей,
Жаңа күннiң есiгiн сен ашасың.
Уақыт – қуғын, көнбейдi мол аялға,
Секiресiң, жолықсаң жолай орға.
Бiр үтiрден жаңылған оқушыдай,
Оқыс омақасуың – оңай ол да.
Үмiт, күдiк аңдысып, кезектейдi,
Екеуiне, белгiсiз, не жетпейдi.
Ортасында олардың күйiп-пiсiп,
Қуырдақ боп бiр жүрек безектейдi.
Елеңдейсiң құс-уақыт хабарына,
Сəт тiлейсiң баспаған қадамыңа.
Шешiп болмай бүгiннiң күрмеулерiн,
Келер күннiң қарайсың қабағына.
Сыры терең, қыры мол өмiр – сынақ,
Шыға бермес алдыңнан жеңiл сұрақ.
Оңай билет таңдаймын деп жүргенде,
Орын таппай қалмасын көңiл-сынап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу