Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  80


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Қырымнан жасын отын көзi шалып...

Қырымнан жасын отын көзi шалып,
Шетеннiң жираф-мойны сереңдейдi.
Қияннан күн күркiрiн естiп қалып,
Құлағы жауқазынның елеңдейдi.
Екi бұлт семсер сiлтеп, егескенде,
Танауы пiл-теректiң жыбырлайды.
Тiршiлiк қанатынан жел ескенде,
Тас-екеш тастың өзi қыбырлайды.
Тiк қадап кемiрқосақ-кiрпiктерiн,
Күн Жердi ғашық көзбен терлетедi.
Нəресте тiршiлiктiң бүршiктерiн
Сəуiрдiң сəруар желi тербетедi.
Жер үстi бал-бұл жанып, бабына кеп,
Анадай жас босанған балбырайды.
Композитор-бозторғай болып əлек,
Шiлдехана тойына əн құрайды.
Көкке тойған түлiктей əлденiп қыр,
Кең даланың ашылды мол шұрайы.
Тiршiлiкке сүйкiмдi əр берiп тұр
Кiнəратсыз, кiл таза жер шырайы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу