Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  76


Автор: Ғұсман Жандыбаев

КӨКТЕМ ЛЕБI

Сүп-сүйкiмдi дүние
Паң аруша жымиып,
Таңның ғажап күйiне
Тамсанған Жер тұр ұйып.
Тау өзгертпей ойлы өңiн
Маңғаз күйде тұр сұлық.
Киiп жатыр көйлегiн
Ару дала қымсынып.
Күн кiрпiгi ұзарып
Көк-мұхитқа сүңгидi.
Бұлттың жүзi қызарып,
Сүмбiл шашы сырғиды.
Шың басынан ылдиға
Елiк-сəуле ырғиды.
Жемсауы бос қырғиға
Жемтiк кез боп, қылғиды.
Сай-саладан өрiске
Ақтылы қой шұбайды.
Көлеңкелер еңiсте
Ұйқылы-ояу сұлайды.
Тал-бикештер таранып
Сылдырлатса шашбауын,
Бəлекет жел жаланып,
Тартқылайды жастауын.
Таңғы сəтте тау-ана
Омырауы сыздайды.
Салқын сабат ауа да
Шырын дəмiн бұзбайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу