Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  181


Автор: Ғұсман Жандыбаев

БАЛА ӨСIП КЕЛЕДI

Сəуiрдегi сəмбi тал бүрiндей көк,
Мамырдағы майса бел гүлiндей боп,
Бала өсiп келедi балпанақтай,
Күйбеңiмен күндердiң бiлiнбей көп.
Бала өсiп келедi – өндiр өмiр,
Өз ырқына сiздi де көндiре бiр.
Не көрдi ол?– Ештеме. Ендi ғана
Ашылды оның алдынан мөлдiр өңiр.
Талпынысын бөбектiң еш тыя алман,
Ойлаңызшы өзiңiз естияр жан:
Сəтi қандай сəбидiң – өмiр үнiн
Тұңғыш рет түйсiнiп, ести алған?
Емiренген ананың үнiн ес қып,
Бозторғайдың шырылын, жырын естiп,
Шуға толы дүниенiң шуағымен
Өсiп келе жатпай ма гүлiң өстiп?!
Ендi ғана қаз тұрып, тəй-тəй басып,
Үлкендерше даурығып, айқайласып,
Алма ағаштың бүрiндей бүлдiршiндер
Өседi ғой балауса гүлiн ашып.
Ақ бұлақтай өмiрге көзi ашылып,
Аяқ-қолы жеткенге қожасынып,
Тiп-титiмдей тынымсыз осы сəби
Өсiп келе жатпай ма өзi асығып?
Тiп-титiмдей болса да, дəмесi зор,
Бастар оны өмiрге дəл осы жол.
Апыл-тапыл қимылы, аяқ асты
Басқа төнер қатерi, “бəлесi” мол.
Аңғал тiрлiк иесi алаңдатқыш,
Оған түсер бар салмақ – саған батқыш.
Ардың-гүрдiң, алғаусыз қылығымен
Адалдықтың не екенiн дəл аңдатқыш.
Кез болғандай сəн сарай тап қасынан,
Таппай, сiрə, сəл тағат, шаққа шыдам,
Кiрiп келе жатыр ол апыл-ғұпыл
Өмiр дейтiн шаһардың қақпасынан.
Ғайып болар тұтасқан қараңғылық,
Шыға келер анталап тамам тiрлiк.
Жиi-жиi сүрiнер, өйтетiнi –
Адымы тар, биiк қой табалдырық.
Жатқанымен iсi жоқ болмай шама,
Бас қатырмас қажет деп қандай шара.
Еңкеюдi бiлмейдi, өйтетiнi –
Жетпейдi ғой төбесi маңдайшаға.
Тiршiлiктiң иiсiн, дəмiн бiлiп,
Барша дыбыс, барлық түс бағындырып,
Өмiр дейтiн сұлулық падишасы
Алған оны өзiне табындырып.
Есеппенен жүрмейтiн көбең бөбек
Бiлмейдi ғой – таяқты неден жемек?
Бала шiркiн шеге емес қаға салар,
Қажет оған сəт сайын “Жедел көмек”.
Ендi байқап тiрлiктiң ұлы ағысын,
Ендi сезiп өмiрдiң қуанышын,
Құштарлықтың ендi-ендi дəмiн алып
Келе жатқан сəбиге бұрады iшiң.
Балапан құс күнi ертең ұшар алдан,
Түсi жылы, iшi ашық, iсi адал жан,
Қызыл шақа шындықтай сəби жүрек –
Табиғаттың аузынан түсе қалған!
Ерiктiлiк – ерлiкпен бөле батыр,
Сəби жүрек – мұз жарғыш кеме батыл.
Толқынымен өмiрдiң жағаласып,
Кiшкене адам есейiп келе жатыр.
Уа, жаса, жас өркен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу