Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  89


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ШАЛ МЕН ШАЛҒЫ

Ортасынан ойып ап қырдың отты шалғынын,
Əбден қызып арқасы, екiленген шал бүгiн.
Сүңгiп кiрiп қалыңға, сүйкей жайпап барады
Сүргi тiлi сүйреңдеп сүйiр тұмсық шалғының.
Тарамыс дене ширығып, шып-шып терлей бастады,
Алақанға шиырып, шырт түкiрiп тастады.
Шаруасы жоқ Күнмен де тас төбеден шаңқиған,
Ұмытқан ол шалғы мен шабындықтан басқаны.
Шалғы сабын қыса ұстап, қылпылдатып барады,
Өз-өзiнен дыбыстап бiр тiл қатып қалады.
Тобарсыса таңдайы – топырақпен бүркеулi
торсықтағы шалаптан қылқылдатып алады.
Кенет, кенет... Сездi шал шаршағанын əл тайып,
Шау тартқаны осы ма, қауқар қашып, қартайып?
Қылпылдаған шалғының қырсыз жүзi секiлдi –
Қылшылдаған жас күнiн есiне алды жантайып.
Батар күнге тесiлдi бастан дəурен өткендей,
Шалғымен қош айтысар соңғы сəтi жеткендей.
...Перiште күн, қайран шақ, кетесiң-ау көкке өрлей,
Көк шалғыннан пыр етiп көз жаздырған кептердей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу