Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  118


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Қарашаның түнiнде....

Қарашаның түнiнде,
Қарағаштың түбiнде
Қарақшыша кездестiк.
Су құйдық та төзiмге,
Ерiк бердiк сезiмге,
Тез лап етiп, тез де өштiк.
Тəн аптабы басылды,
Ар аптабы ашылды,
Өксiк ата өкiндiк.
Алшақтап-ақ кетiппiз,
Дариядан өтiппiз –
Бiлектердi көпiр ғып.
Боран соқты ақ көбiк,
Қарағашты қақ бөлiп,
Отқа жақтық отын ғып.
Жекпе-жекте тең түскен,
Қас жаулардай серпiскен–
Терiс қарап отырдық.
Шыжғырылған майдай-ақ,
Жалтыр көкте тайғанап,
Ағып түстi бiр жұлдыз.
Жасқа айналып күнəмiз,
Тас байланып тiл-ауыз,
Мелшиюмен бiз тұрмыз.
От та сөндi, жақпадық,
Шоқты аяқпен таптадық.
“Кетшi əрi!...” деп өтiндiк.
Тəттi уға тойып бiз,
Қан жылатып қойыппыз
Жүректердi жетiм ғып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу