Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  91


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Күз жыры

Байтақ қазақ даласы:
Ақиық тау Алтай мен
Атыраудың арасы,
Сылқым Сырдың сағасы,
Ерке Ертiстiң жағасы,
Жетiсудың саласы,
Түспеген бiр сəнi орта
Жазиралы Сарыарқа,
Сарқылмастан сауығы
Əнi есiлген ауылы,
Дəн өсiрген қауымы.
Күлiм-күлiм қақтырып
Күн қақтаған жүздердi,
Асықтырып бiздердi,
Тасып-күлiп күз келдi.
Түре шарлап түз-көлдi,
Қазыналы кемедей
Комбайндар жүздi ендi.
Қолының жоқ аласы,
Күз бiр бейне– нағашы.
Қойны-қонышын ақтарып,
Базарлығын аласы
бiз бiр– жиен баласы.
Түйiрiн бассаң тiсiңе–
Ақ нанның иiсiн аңқытар,
Батып шықсаң iшiне–
Тұла бойыңды балқытар,
Егiнжайдың үстiмен
Самал есiп өткенде,
Бидай-сынды бикештер
Сыбырласа сырласып,
Сыбдыр-сыбдыр еткенде,
Сыңғыр-сыңғыр күлкiсiн
Судыр-судыр төккенде,
Кеудесiнде күй тасып,
Iсi жырдай ұйқасып,
Қанаттанбас жоқ пенде.
Корабльдер– комбайн,
Толқын шайып таңдайын,
Келе жатар жағаға
Түзеп алып маңдайын.
Сабағы– сабау қамыстай,
Жебесi– жетi қарыстай,
Қауызына Күн сыйған,
Баданадай тырсиған,
Бункер-бункер алтын дəн.
Мəшинелер жел қанат–
Құм тасыған дорбалап
Баладай-ақ қолғанат,
Құстай ұшып алқынған.
Айналайын алтын күз,
Мəрттiк көрем қалпыңнан.
Айнымайды мiнезiң
Жомарт, сақи халқымнан.
Керуендерiң жалғассын
Ырыс, байлық артынған.
Келе бершi, жаңылмай
Емен-жарқын салтыңнан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу