Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  109


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Таң

Ұры түскен бақтағы
Ұмыт қалған шиедей
Я күзеткен қақпаны
Түн қызындай бiр өгей
Не мезгiлдiң ақпары–
Хабаршыдай бiрегей:
Жалғызсырап мұңдана,
Мұңданса да дүр жана,
Мəпелеген жан гүлiн
Аруындай жарлының,
Шолпан жұлдыз бiр ғана
Шоқтай жайнап тұр дара.
Түн-диюдың балдызы,
Бой жасаған жалғызы,
Ерке-тотай, көңiлшек,
Жеңiлтек бiр келiншек
Секiлденiп, не тiптi,
Отырып-ақ оң жақта
Жүктi болған бейбақтай,
Көзден таса етiптi
Секпiл бетiн аулақққа Ай.
Үйiр-үйiр жылқыдай
Жусап жатқан жұлдызын
Қара айғыр – түн жия,
Жер жұтқандай зым-зия.
Сай-жырада көстиiп
Ұйықтап қалған қылжия
Көлеңкелер ес жиып,
Бiрiн-бiрi жұлқылай,
Тұрып жатыр ыржия.
Таңғажайып таң, мiне:
Қақ маңдайы – қан күрең.
Көз құртын жер көкжиек –
Төрдiң тұсын құлпыртып
Құрып қойған құндыз-түк
Жүз құбылған нəн кiлем.
Шоғыр-шоғыр шор бұлттар –
Балқып жатқан шойындай.
Нарттай қызыл тонар Күн –
Тоқсан жылдық томардың
Томырылған шоғындай.
Таңғажайып таң осы:
Жұмыскер дала оянған,
Адамдар күтiп той алдан,
Қанат қаққан ой-арман.
Аппақ шуақ – айнала,
Ақ сүт сəуле сорғалап,
Жайраң дала жай ғана
Сорып жатыр саумалап.
Аспан– алып мұхит та,
Көкжиек– алтын жағалау.
Алыстан жеткен ақ алау
Бұйығып жатқан бұл жердi
Бусантып, иiтiп барады-ау.
Хордың қызын кең маңдай
Көрiп естен танғандай,
Аспаннан нұр жауғандай,
Ынтызарың ауғандай,
Қайта айналып келгенше
Аңсаттырар армандай–
Беу, дүние,
Теңеуiн таппас таң қандай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу