Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  114


Автор: Сағат Әбдуғалиев

О, махаббат, төсіңнен түлеп ұштым...

О, махаббат, төсіңнен түлеп ұштым,
Жүрегіме жалғады жүрек ұшқын.
Көрші қыздың сиямен атын жазып
Балалықтан бүлдірдім білек үстін.
Сыңғырлаған сырғадай назы ұнамды,
Желіктірген жастықтың жазы мәнді.
Сүрттіргенде мұғалім сезіп қалып
Жоғалтқандай көп жүрдім қазынамды.
Серіліктің сүйресе сылқым күші,
Қомсынбайды тұтамдай тұрқын кісі.
Айналайын сол қыздың атын жазып
Журналға да жолданды жыр тұңғышым.
Жолдастыққа жарайтын сенімді ерен,
Көгершінге көбейді …(оқылмады. Қ.Қ.) берен.
Ең әдемі өлеңім сол шығар-ау
Баспасөздің бетінде көрінбеген.
Тасқындарға толмаса сай тереңі,
Табиғаттың тылсымы қайтер еді?!
Тұңғыш қарға түсірдім сол есімді
Тамыр жайып бақыттың бәйтерегі.
Бітіргендей бойдағы серт енді ісін,
Жадымнан жоғалмады көркем мүсін.
Бірақ қырдың бұлағай бұрқасыны
Түк қалдырмай өшірді ертеңгісін.
Қарекетін күндердің күрес біліп,
Тұғырынан тайсалмай тіресті үміт.
Жайығымның құмына жазып едім,
Жуып кетті толқындар ілестіріп.
Өкінтсе де өмірдің қатты өресі,
Жоғалмайды жылдардың тәтті елесі.
Жүректегі жазуға не шара бар
Жанымның жәудіреген ақ төресі?!



(Бұл өлең әлдебір қолжазбадан көшірілді,
бірақ қолтаңба автордікі емес)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу