Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  97


Автор: Сағат Әбдуғалиев

Даңғайыр дала

…Жау түмені төріңе төнді кілең,
Сахарамда сан жұлдыз сөнді, білем.
Пұшпағындай тоқтының жүз иленіп
Апшырмаған далам-ай кеңдігінен!
Түндігіңе туғанда күн қысталаң,
Сарбаздарың сертпенен сүңгі ұстаған.
Шәйт кеткен шайқаста Отырарлар –
Өзегіңді өртеген тұңғыш балаң!
Жетеді деп ұшпаққа халық қашан,
Махамбеттер ұмсынды жарыққа сан…
Қазынаңды қат-қабат қанжығалап
Көз жасыңды көрмеді-ау, парықтасам.
Қуанышқа кенелмей несіп – кесең,
Қайран жұртым, қайғымен бесіктес ең.
Төрге шығар басыңды төмендетіп
Телміріпсің талай жыл есікте сен.
Октябрьде ұшқыннан ұлы іс тұтап,
Жеті қатқа жойылды жымысқы тап.
Бостандықтың байрағы тұрды биік
Жарқырады жұлдыздар күміс бұтақ.
Ұланғайыр ұлттардың құрметі үдеп,
Бір-біріне он бес ел ірге-тірек.
Күн астында кірбіңсіз қыздырынып
Ай астында келеді бірге түнеп.
Жарқылдатып жалынан жалтты күрең,
Корабльдер ғарышқа тартты кілем.
Нан ұстаған ғылымгер ғасыр мынау
Заңғар заман, айналдық мәрттігінен!
Кейуана ел кешегі жас бұлаған,
Болашақ пен бақытқа басты қадам.
Мамырстан мәуесі бәйтеректің,
Тамыры таралады Москвадан!



(“Орал өңірі” 1979-80 жылдар шамасы,
12-19 ақпан)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу