Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  140


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ҚЫСҚЫ ТОРҒАЙЛАР

Торғай ұшты пыр етiп
Бағаналар басынан.
Бағаналар басынан
Құйылады тасып əн.
Сым жағалап жүгiрген
Торғайлардай осы бiр,
Сезiмiмнiң қылына
Жүрегiммен асылам.
Бағаналар барады
Шеру тартып, жол бойлап.
Қолтығында қонақтап,
Топ-топ болып торғай қап.
Тосады олар кеудесiн
Жылы ағысқа, содан ба –
Қаймықпайды дауылдан,
Сары аязда тоңбайды-ақ.
Сып-сып етiп торғайлар
Қонып жатыр сым бойлап,
Қыз көзiнен сыр тартқан –
Секiлденiп сүр бойдақ.
Жүз жүректiң салмағын
Көтерiп тұр жұқа сым,
Тартылыстың күшiмен
Майысса да, сынбай қап.
Бағаналар басынан
Сансыз тамшы саулаған.
Тамырда қан тасыған,
Бойды алғанда баурап əн.
...Жүз торғайдың жүрегi
Жылытып тұрған сым тiзбек –
Жазып қойған, жақсы əннiң
Нотасынан аумаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу