Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  103


Автор: Ғұсман Жандыбаев

КIСIЛIК ПЕН КIШIЛIК

Сен де маған жiбермейсiң есеңдi,
Мен де емеспiн қайтарардай меселдi.
Ешкiм бiзден қарызға алмас кеселдi,
Елдiң көбi емес маубас, не сорлы.
Сен де маған қайратпадың тесеңдi,
Мен де саған сыпыртқым жоқ көшемдi.
Тiрi жанға тигiзбей-ақ қайырым,
Бiз асырап жүргендеймiз осы елдi.
Сен де менi жүрген жоқсың менсiнiп,
Мен де сенi көрмеген ем теңсiнiп.
Екеумiзден табылмайды ырымға,
Кемшiлiк те, кешiрiм мен кеңшiлiк.
Екеумiз де кеудемiзге от үйдiк,
Iштi бермей, сырт айналып, қоқидық.
Бойымызға жоқты-барды жапсырдық,
Ол бiр жұмбақ – ойымызға не түйдiк?
Кеудемiзге кесел сыймай, қыстығып,
Жер жарады бiзден шыққан ысқырық.
Бетiмiзден жел есiп бiр ызғырық,
Көп пендеге қарамаймыз пысқырып.
Екеумiз де ақылды-ақпыз, мықты-ақпыз,
Аяқтарды басып жүрмiз нықтап бiз.
...Кiсiмсуден ешкiмге есе жiбермей,
Кiсiлiктiң өзiн бiрақ ұқпаппыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу