Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  84


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Төбеден төнген кезде мөлдiреп Ай...

Төбеден төнген кезде мөлдiреп Ай,
Сусылдап жерге ұшады мол бiр арай.
Арудың жолын тосқан жас жiгiттiң
Көңiлi күмбiрлейдi домбырадай.
Жұп-жұмсақ саусағымен мың шырақтың
Сезiмдi қытықтайды шымшылап түн.
Шорланған шойын көңiл шоқ боп балқыр,
Үнiне құлақ түрсең жыршы бақтың.
Қыратта шегiрткелер шыр-шыр еткен,
Орман тұр ұйқылы-ояу сыңсып еппен.
Етегiн ақ көйлектiң дөңгелентiп,
Жiгiттер қызды үйiрер бұлшық етпен.
Есiне ап кешегiсiн бала келiн,
От болып Ай астында жанады ерiн..
Нұрына махаббаттың маңдай төсеп,
Жатады-ай бусанып бiр дала керiм.
Аспанның мойнына орап талшық нұрын,
Гүлдер де шыға келдi аршып бүрiн.
Қыз-дүние дүрия көйлек киiнгендей,
Мына түн талайларға таңсық бүгiн...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу