Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  96


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ОЙСЫЗ ҚАЛЫП ОҢАША

Мазасыз ойдан кейде аулақтанып,
Қадалып қарсы алдыма қалам қарап.
Жанарым жалынына тау қақталып,
Көзiме кеңiстiктi алам қамап.
Ойсызбын. Мен мылқаумын. Тас кереңмiн.
Қосылам кеңiстiкке қос жанармен.
Мен жоқпын. Патшасымын басқа əлемнiң.
Ойсызбын. Ойға батсам – бос қалам мен.
Мен жоқпын. Ақ əлем бар жалғыз ғана.
Сол ғана ақтық сөзiн арнайды ендi.
Жабысып малта тасқа жалбыз-бала
Өлi мен тiрi арасын жалғай бердi...
Жансызбын. Меңiреумiн. Көз майымды
Тауысам. Күш түседi бойға батпан.
Мен тiптi аңғармаймын өз жайымды
Бұл жұмбақ əлем жайлы ойға батқан.
Санамның саусақтары аршып менi
Алғанда қалың ойдың батпанынан,
Толқындай жағаға ұрған шапшып керi,
Өзiме өзге əлемнен ақтарылам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу