Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  86


Автор: Ғұсман Жандыбаев

МЕНIҢ ЕЛIМ

Елiм менiң, бастан бəрiн кешiрген,
Жағаласып өскен бабам жанжалмен.
Сəбилердiң кiндiктерi кесiлген
Таспенен де, жаспенен де, қанжармен.
Тау теңселген босқан елдiң зарымен,
Күн жылаған, тұнжыраған айлы аспан.
Кəрi далам ата-баба қанымен,
Сүйегiмен бiрге бiтiп қайнасқан.
Менiң елiм не кешпедi басынан,
Күрсiнгенде – дауыл соқты аңырап.
Ата қолдап, атқа қонды жас ұлан,
Итi шулап, иесiз мал маңырап.
Тағдырының талқысын аз көрмептi,
Құмалақтай быт-шыт болып тозғанша.
Менiң елiм сонда дағы ел бопты,
Екпiнiнен дауыл тұрып – қозғалса.
Бабам бəрiн бастан кешкен... Ақыры
Ынтымақтан артық бақыт таппаған.
Содан болар, ақыны мен батыры
Елдiк рухын ер антындай сақтаған.
Сол ғұрыпты жақын құптап, жат ұқты,
Үзiлмеген ұйытқысындай тiрлiктiң.
Ұлы елiмнiң ұрпақтары бақытты –
Ауызданған уызымен бiрлiктiң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу