Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  90


Автор: Темірше Сарыбаев

ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫҢЫ

(Мемлекет және қоғам қайраткері Камал Бердәулетовке)
Сөзге кетіп көрген жоқ бұрын да есем,
Артық айттың – деме аға, – пірім десем.
Сіз шындықтың шыңысыз көк тіреген,
Биіктікке бола ма бүгілмесем?!
Есімде аға, жасымнан жарқын атың,
Жақын жүрдің жаныңмен халқыңа тым.
Көтерілсең мінбеге күн күркіреп,
Шешендікке сілтідей зал тынатын.
Атқан оқтай, пікірдің дәлдігімен,
Бағың да аға, биіктен жанды білем.
Найзағай тіл төбеден жалт ойнатып,
Талайларды-ақ есінен тандырып ең.
Қопарылса мұзтаудан құлап көшкін,
Қаһарына тұра алмас шыдап та ешкім.
Қарсыласса қинамай, қидаламай,
Айтарыңды айшықтап бір-ақ кестің.
Темір-талап, сол қалпың, темір-тәртіп,
Өзгерісті көрмеппін өңінде артық.
Жақсы ағаны қолтықтан демеу үшін,
Мақтанатын жөнім ғой менің шалқып.
Тәрбием де – өзіңсің, тәлімім де,
Бауырымсың шығарда жаны бірге.
Алматыда, алыста, жүргеніммен,
Айбыныңнан қаймығам әлі күнге.
Жарқылдай бер, жан аға, – ақ алмасым,
Ақ алмас боп әу баста жаралғасын.
Туралықтың тұрғасын туын ұстап,
Кім бар қане, имейтін саған басын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу