Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  93


Автор: Темірше Сарыбаев

ДОСТЫҚ ХИКАЯСЫ

Қожасының ұрлап мініп бір атын,
(Жүйрігі еді сауық-сайран құратын).
Сонау таулы Тебризден Бағдатқа
Оқу іздеп келе жатты Рақым.
Жұлдыздан да жоғары деп мұратым,
Жанарында маздап оты тұратын.
Сонау таулы Тебризден Бағдатқа
Өнер қуып келе жатты Рақым.
Ат жалында алақанын тоздырып,
Бұйрат құмның делебесін қоздырып,
Келе жатыр, келе жатыр Рақым,
Ұшқан құстан үкілі ойын оздырып.
Шөл...
Сахара...
Сусылдаған ыспа құм.
Мұнан өту – адам емес, құсқа – мұң!
Жалын аптап жалмап жатыр келгенін,
Әбжыландай арбап жатыр ұшқанын.
Баялышы, бұтасы жоқ иен дала,
Иен далада Рақым тек мең ғана.
Жер-жаһанның Тәңірі өзім дегендей,
Керіледі Кербала шөл...
Кербала...
Иреңдейді...
Киреңдейді аждаһа,
Еш нәрседен именбейді аждаһа!
Кім болса да бір-ақ орап белінен,
Жұтуға да
Жиренбейді аждаһа!..
Бұл бейбақтан ешкім таппас барқадар,
(Не баһадүр ер-тоқымын арқалар).
Бірін көмсе, бірі ашылған ырсиып
Омыртқалар...
Қабырғалар...
Қаңқалар...
Жатыр бәрі жаннаттан жай тапқандай,
(Батыр мүмкін, ару бәлкім, ақ маңдай).
Ыс-ыс еткен зымыстан шөл жалаңдап,
Ысқырықпен сүйек аршып жатқандай.
Күн секілді жерді айналып шығатын,
Алған беттен Рақым жоқ қыңатын.
Теңіз-құмда бір малтығып, бір шығып,
Келе жатыр...
Келе жатыр Рақым.
Талдырам деп қос топшысын талаптың,
Алды қанша аш қасқырдай қамап түн.
Шыңға тартса, шырқап шықпай тынбайтын,
Ер серігі, сен есен бол, қанаттым!
Саналыны самғататын сұңқар ғып,
Ойлыларды оздыратын тұлпар ғып,
Сен де есен бол, көңілдерді көркейтіп,
Жүректерге лағыл шашқан іңкәрлік!
Арман-дария!
Мінезің өр, асқақтау,
Сені қуып талай тұяқ тас қапты-ау!
Басын тіккен бір жолаушың келеді,
Мыс жотаңа мінгізіп ал,
Мақсат-тау!
Сенен басқа жабыққанды жебер кім,
Арайлан да жарқырай бер, келер күн!
Көкжиектен көрді Рақым шаһарды,
Алтын буы бұрқыраған өнердің!
Жетті ақыры!
Жапан кезді,
Құм кезді,
Жеткізбеген қиялы еді бір кезгі.
Жатыр қала жарты әлемге жар салып,
Сәуле ойнайды сәлдесінде күмбезді.
Жатыр қала нұр таратып жан-жаққа,
Үркек үрей ұли-ұли қалды артта.
Мешіттердің ту сыртынан тәу етіп,
Басын иді бала Рақым Бағдатқа.
...Көше толы саудагерге, саяққа
Үйренгенше өте шықты ай, апта.
Қайыршының қолына әкеп кім берсін,
Ертелі-кеш бір тыным жоқ аяқта.
Біреу мүлде қарамайды біреуге,
Садақа да ілігеді ілуде.
Оқу түгіл, өнер түгіл, бас қайғы,
Рақымның мақпал көңілі жүдеуде.
Бүгін де ерте есік қақты «кәсіппен»,
Қарсы алдынан көк қақпасын ашып кең:
– Кір, кір, – деді елпектеген жас жігіт,
Қонақ десе, құрақ ұшқан машықпен.
Рақымның мына күйін жақсы ұқты,
– Босағаға қалдыр, – деді, – қапшықты.
Сарайына лып етті де өзі лез
Судай жаңа шахматын ап шықты.
Тақта үстіне тез-тез тігіп тастарды,
О, құдірет!
Ғажап ойын басталды.
Мынау жеңсе – күннің көзі жадырап,
Анау жеңсе – бұлт торлады аспанды.
Бір-біріне мат қойысты кезекпен,
Қайран, ойын!
Қызығыңа не жеткен?!
Мынау ұтып кетейін деп қамданса,
Анау оны жібермейді өжектеп.
Мұнтаздай үй,
Не жиһаздың бар бәрі,
Құрбысының жоқ та шығар арманы.
Құмырамен әкеп қойды шарапты,
Табағымен тартты алдына халуаны.
Мұндай құрмет енген емес түсіне,
Бұл қандай сый?!
Жақсы ойнағаны үшін бе?!
Әлде мына құрдасының «қонақжай»
Бір арам ой бұлаңдай ма ішінде?..
Түк түсінбей, айран-асыр таң бұған,
Қандай тағдыр тор құрып тұр алдынан?
Қақ төріне шығарғаны қайткені
Қай-қайдағы қайыршыны қаңғыған?
Дағдарғанын зеректікпен көріпті ол,
Күлімдеді Рақымға беріп қол:
– Мәңгілікке дос болайық, қаласың,
Қанатым бол, бауырым бол, серік бол!
Бақытым да,
Байлығым да бар – анам
Барша Бағдат ауызына қараған.
Екеуімізді егізіндей көреді,
Өнерін ал, тіліңді үйрен қалаған.
Әлімсақтан айқасуда ақ, қара,
Күрестің бе?
Күшіңді артқа сақтама!
Барыңды сал, жаныңды сал, қалайда,
Тайсақтама мына шаршы тақтада!
Аты тақта –
Көшірмесі өмірдің,
Талай жеңдің, талай рет жеңілдің.
Төрт бұрышы – төрт құбылаң, байқасаң,
Төрткүл дүние көз алдыңда,
Не білдің?!.
Лажың жоқ өртенбеуге, жанбауға,
Адам біткен арбалауда, арбауда.
Ертелі-кеш өзің кешкен тірлік бұл,
Өзіңді-өзің болмайды ғой алдауға.
Шәк келтірме бойыңдағы сенімге,
Қыран қайрат қалықтасын көгіңде.
Қарсы алдыңнан қаптаса да топан су,
Шешіндің бе?
Шира, қайта, шегінбе!
Қайран, достық, жарқылдаған аппағым,
Сенің ғана қас-қабағың баққаным.
Екеуінің адалдығын жыр етіп,
Қала, дала жамыратып жатты әнін.
Тілін білді,
Тез үйренді салтын да,
Қадір тұтты қатарын да, қартын да.
Аласармас арман сынды ақиық,
Асқақ еді қарапайым қалпында.
Қайырымды еді Рақым да, Мұрсал да,
Қатарынан қарымды еді, иншалла.
Екеуінің атын бөлмей анасы,
Бірге атайтын әлдеқайда жұмсарда.
Таласа ішті,
Тату өсті егіздей,
Тірі жанға «мұның былай» дегізбей.
Көргендердің көтеріліп еңсесі,
Көңілдері шалқушы еді теңіздей.
...Бес жыл өтті.
Сыр сарқылмас айтатын,
Шыққан күнді қымтап жапты қайта түн.
Туған жері шықпай қойды есінен,
Рақымның келді-ау кезі қайтатын.
Ортақ болған дәмі менен тұзына,
Тағдыр деген таңғажайып қызық, ә!
Екеу етіп қайтарамын елге деп,
Құда түсті уәзірдің қызына.
Өз парызын бағамдау да бір мектеп,
Тойға шашты жинағанын тірнектеп.
Дәл осылай көрсетпесе өнеге,
Абзал ана кімге ісін үлгі етпек?!
Қарт ананың ықыласын құп алып,
(Қош айтысар шақ та таяу, шыдалық).
Бауыр басқан Рақымын қия алмай,
Мұрсал келді күндік жерге шығарып.
Махаббатын,
Мол білімін сыйлаған,
Көп кешікпей көзін жұмды бибі анам.
Мұрсал кешкен мұң-мұхиттың мөлшерін
Мен де айтып жеткізуге қиналам.
Ай артынан өтіп жатты ай-дағы,
Ит тірлікке зығырданы қайнады.
Тұрмыс деген тауқыметтің торынан
Таба алмады құтылатын айланы.
Дәл осылай абыржимын деп пе еді?
Тағдырына налып та жүр. Өкпелі.
Жоқшылықтың жез тырнағы түтелеп,
Көңіліңнің күзге айналды көктемі.
Құны қашан бағаланған жақсының,
Тәңірі де болған емес тапшының.
Рақымның кері келіп баяғы,
Мұрсал алды қайыршының қапшығын.
Кезді бұл да сахараны, шаһарды,
Дәуір тайды. Диуана атанды.
Алқам-салқам орап алды сәлдені,
Жалба-жұлба киіп алды шапанды.
Түс кергендей тірлігіне таңданды,
Кіре тартқан керуенге жалданды.
Дүниенің түлкі екенін түсінді,
Бақыттың да баянсызын аңғарды.
Талай рет ар алдында тірі өлді,
Тәңірия тар қып салды шідерді.
Рақымнан үзген тұста күдерді,
Жол аяғы Тебризге тірелді.
Шаһар атын тағы білді анықтап,
Көңіл шіркін құстай ұшты қалықтап.
Үлкен демей, кіші демей, кездескен
Рақымды сұрастырды халықтан.
– Рақым ба?
– Иә, Рақым!
– Патшама?!.
– Жап аузыңды!
– Жоғал әрі! Қақсама!
Садаға кет сарайының маңынан,
Тауарыңды таңдап ізде ақшаңа!
Жаңа кірді Мұрсалдың да реңі,
Қуаныштан дүрс-дүрс соқты жүрегі.
Қаңбақтайын қалбалақтап бейшара,
Хан Сарайға, қайрат жиып, кіреді.
Әзер ұстап алтындаған тұтқаны,
Сол-ақ еді, сорлы, басын сұққаны.
Әлдене деп белгі берді Рақым,
Не дегенін алас-күлес ұқпады.
«Есік – маған, –
Дейтін кім бар, – төр – сізге!»
Қашан тізгін тиіп еді теңсізге?!
Көзін таңып, көк лақтай өңгеріп,
Кетті тастап күндік жерге – елсізге.
Жапан түзде көздің жасын селдетті,
Өксігені солқылдатты жер-көкті.
Өліп-өшіп өкпесін ап жеткенде,
Аластады шаһарынан, еңіретті.
Дүниеден түңілді де безінді,
Жаһандағы жалғыздығын сезінді.
Жылап-жылап
Қалжыраған шағында,
Бір дарақтың түбіне кеп көз ілді.
Ерді – намыс, Қамыс құртар қоянды,
Омырауы көз жасына боялды.
Әлдеқалай дүбірлеткен даланы
Тұяқтардың дүрсілінен оянды.
Сөзі қысқа!
Тым қатулы сұстары,
Қазір келіп қамайтындай дұшпаны.
Қарсы алдына дүрс еткізіп қоржынды:
– Аманатқа алып қал, – деп қыстады.
– Байлам мынау, – деді және қайыршым, –
Осы сенің тағдырыңа дайын сын!
Құтыла алсақ – ертең ерте аламыз,
Қолға түссек – басы бүтін,
Байырсың!
...Желдей гулеп қарақшылар қыр асты,
Шұбалған шаң көкте бұлтпен ұласты.
Көңіліне күдік кірді көлденең,
Жанарына жас үйірілді тым ащы.
Су құйылған суырдайын ініне,
Өллә-білла, түсінген жоқ түгіне.
Қорыққаннан дір-дір етті қалтырап,
Бір ауыз сөз оралмады тіліне.
Көнген бейбақ бәріне де көнбіс-ті,
Бір күн күтті,
Үш күн күтті...
Шөл қысты!
Қарақшылар қайырылмады, хабарсыз,
Шыдам бітті.
Өлі уәде желге ұшты.
Үміттен де, арманнан да тоналды,
Бұл да бекіп, безбүйректеу боп алды.
Бар мұраты баю болып ақыры,
Осы ойымен Тебризге оралды.
Іздеп келіп тапқан еді бақ мұны,
Алтынының айту қиын нақ пұлын...
Қоржынымен сауда жасап, көтере
Шет жақтағы сатып алды ләпкіні.
Сауда қызды...
Өзге ләпкі жабылды.
Халық біткен Мұрсал жаққа ағылды.
Садақа да сан тимеген бейшара
Белден кешті алтын, гауһар, лағылды.
Құдай берсе құлай береді екен ғой,
Жігітке бақ шырай береді екен ғой.
Өткен күнін көрген түстей ұмытып,
Байлыққа да бейімдеді бекем бой.
Осындай бір асып-тасқан кезінде,
Әйнегі бар нұры қашқан көзінде,
Даналықтың қуаты бар ойында,
Қазылықтың кесімі бар сөзінде;
Қос өкпесін әзер басып деміккен,
Аяқ асты арылғандай дерттен,
Сабырлы үнмен сөз бастады сыпайы,
Сыры кетіп, сыны қалған көрікпен:
– Қажеті жоқ маған ділда, динардың,
Байлығынан үміт күтем иманның.
Ас әзірлеп, жинасайын үйіңді,
Жалғыздықтан, қалқам, әбден қиналдың! –
Деді де ана құра берді ошақты,
Мына қылық Мұрсалды іштей босатты.
Өз анасы тірілгендей қуанды,
Қалықтаған көңілін айт со шаққы!
Үлкен кісі – көргені көп көшелі,
Баласынан артық күтті деседі.
Шайы дайын, ас-суы әзір алдында,
Күнде көрсең, кір шалмайды төсегін.
Толмады ма ай шамасы, толды ма,
Біз білмейтін әлде бір жайт болды ма,
Қарттың қатаң науқастығын желеу ғып,
Қызы кепті шешесінің орнына.
Ажар қандай?!
Жанар толы нұр қандай?!
«Күнің – мен!» деп, көктен шалқып тұрғандай.
Биден бетер қимылына ынтығып,
Кешке дейін үздігер ең бір қанбай!
Қозғалысы-ай!
Жеңіл ғана қалқуы-ай!
Мінезінің мінсіз баурап тартуы-ай!
Буынының басқан сайын балқуы-ай!
Қиялдан ап құя салған мүсіндей,
Тәтті ұйқыда тамылжыған түсіңдей!
Санаңдағы сұлулықтың шырқауы...
Қояйықшы, құнын сөзбен түсірмей.
Арғы атасы жалын ба еді,
От па еді?!
Махаббатта мезгіл, мекен жоқ, тегі!
Мұрсал ойын жеткізгенде астарлап,
Қияс тартып, қыз қарсылық етпеді.
...Әнмен шалқып Тебриздің аспаны,
Думандатты тойға келген жас-кәрі.
Шаттық әуен шартарапты шарлады,
Шақырып еді Рақымынан басқаны.
Той тарқады...
Жұрт аяғы басылды,
Алтын қақпа айқарыла ашылды.
Қол қусырып кіріп келген Рақым
Әз досының аяғына бас ұрды.
Айтты бәрін,
Айтты бәрін, расын,
Өткен жолғы мойындады кінәсін.
– Сені бұлай ренжітем демеп ем,
Қабырғама қатты батты мына сын.
Білем, Мұрсал!
Арып-ашып сен келдің,
Қуаныштан мен тағымда тербелдім.
Дәл осы сәт отыр еді алдымда
Елшілері кеңес сұрап өңге елдің.
Мен олардан асқақ ұстап өзімді,
Тәңір берген таяныш қып төзімді,
«Әлемдегі қайыршысыз еліміз», – деп,
Тәмамдаған бойым еді сөзімді.
Аналардан асырмақ боп айламды,
Мен ым қақтым,
Сенің қолың байланды!
Қасақана бір қатерге бел будым,
Онан өзге болмағасын қайраным.
Айыбымды қоржынға сап жеткіздім,
Ашық айтпай, айла тауып өткіздім.
Алтынкүрек болып соқтым, қайтейін,
Көңіліңдегі көбесіне көк мұздың.
Дүркірету үшін сенің бағыңды,
Ләпкі біткен бұйрығыммен жабылды.
Өз анамды күтуші ғып жібердім,
Жасасын деп сенің, Мұрсал, қамыңды.
Өкпең дұрыс!
Мен оныңды хош алам,
Жақсылығын сатпайды ғой дос адам.
Қалыңдығың – қарындасым, бауырым,
Екеуіңнің берік болсын босағаң!
...Абзал достық!
Жазира өлке, гүл-маусым,
Жасыл әлем, саған мәңгі нұр жаусын!
Қарсы алдыңнан тарқамасын тыңдаушың!
Мың құбылтқан бұлбұл болсын жырлаушың!
Сен бар жерде аспан ашық,
Тау да асқақ!
Саған барып жарасамыз, даулассақ!
Қасиетіңе Құдай қызыр дарытып,
Мерейіңді үстем еткен әу баста-ақ!
Ортаймасын!
Ортаймасын сол даңқың!
Досың барда
Бар деп ұғын қолда алтын!
Досы жоққа қара түнек, орнар түн,
Байлығыңа берік-бекем бол, халқым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу