Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  93


Автор: Темірше Сарыбаев

СҰЛУДЫҢ АУЫЛЫ

Сұлудың ауылы Шарыннан әрі,
Жетеді талып сағынған әні.
Буалдыр күннің бұлтындай болып,
Бұлдырап бейнең сағымданады.
Оранды гүлге қызғалдақ далам,
Қызығын бізден қызғанбақ па адам?
Шыдамын әбден шыңдасын дей ме,
Тұрмайды неге звандап маған?..
Алашқа мәлім атағымменен,
Көңілімде күмән жатады кілең.
Созбады қалай саусағын жайып
Атқан бір таңның шапағыменен?
Қиялым жазбай табады барып,
Жаныма ойлар жағады жарық.
Көктемнің құйттай көгершіндері
Келіп те қалар хабарын алып.
Шашады маған алыстан арай,
Оған да мұңым таныс па, қалай?
Көтеріп алып кетсем деп жүрмін
Жұлдызы шоқтай ғарышқа қарай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу