Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  111


Автор: Темірше Сарыбаев

СОЛ БІР ҚЫЗ

Сол бір қыз қайда қазір Сүмбедегі,
Шынымен шықпас па екен бір дерегі?!
Орының жүрегімде дейтін еді,
Кетті екен айырбастап кімге мені?!
Кигені үлде ме еді, бүлде ме еді,
Етегі көйлегінің бүрмелі еді.
Түсімде тау басынан қолын бұлғап,
Ұйқымнан оятады күнде мені.
Ауылы ат шаптырым, іргелі еді,
Жайраңдап жауқазындай жүрген еді.
Өртіне сағыныштың оранғанда,
Қалқамның тимес пе екен бір көмегі?
Өлеңнің шүпілдеген жыр кемері,
Тотыдай тоқсан тоғыз түрге енеді.
Әлде оған қажет болмай қалды ма екен
Көңілімнің көктеммен бір гүлдегені?
Білерім – сол бір сұлу Сүмбедегі
Бізді де қиығына ілген еді.
Көзімнен бал-бұл ұшып бара жатыр,
Білмеймін,
Бүлдірдім бе бірдеңені?.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу