Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  69


Автор: Темірше Сарыбаев

КӨКТЕМ ӨТІП БАРАДЫ

Жауын, жауын...
Ақ жауын басылмады.
Алатаудың қабағы ашылмады.
Тұнжыраған сәттерін санай берсең,
Мына менің ақтан көп шашымдағы.
Ойлаудан да қап барам мен басқаны,
Алматыны тұр ма екен сел басқалы?
Қайта-қайта шыңдарды бұлт бүркейді,
Ашылады-ау дегенде енді аспаны.
Жаңылды ма табиғат жорғасынан,
Таусылмастай адамда мол ма шыдам?
Ауыр-ауыр ойлар кеп пана іздейді
Салмағы да зілмауыр қорғасыннан.
Көктем өтіп барады жарқырамай,
Жарқырамай жиектен алтын арай.
Жазға ұласар түрі бар мына күннің,
Болар екен, япырым-ай, арты қалай?!
Арамызға әлдебір кірбің кіріп,
Кірерін де кірбіңнің жүрдім біліп.
Бара жаттың түнеріп жауар бұлттай,
Ұқсастыққа таңғалып тұрдым күліп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу