Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  355


Автор: Темірше Сарыбаев

ДӘРІГЕР ҚЫЗ

Өтінде қап бұрқасынның, дауылдың,
Сең соққандай қалтырадым, ауырдым.
Жол таусылды, бітті дедім дәрменім,
Құлағаны дедім іңкәр тауымның!
Жалғанғандай жан-дүнием тоқпенен,
Лапылдайды, алаулайды от денем.
Жалын атқан жанартауға кезіктім
Қиясынан қыран аман өтпеген.
Дөңбекшідім,
Аласұрдым,
Алқындым!
Өр толқынды өзен едім,
Тартылдым.
Сеніп еді туған елім, достарым,
Сенімінен шықпадым-ау халқымның.
Алаулаған арманымнан кешіктім,
Азынаған ажал даусын есіттім.
Атанды да алып ұрар ашынса,
Арлан қасқыр алдында тұр есіктің.
Нұры қашып бақшаның да, баудың да,
Иіні түсіп жотаның да, таудың да,
Тізгініне шамам келмей, лықсыдым,
Өмір деген ақбоз аттың бауырына.
Басымдағы баға жетпес бақытыммен,
Шыңға шығар шырайыммен шат күлген,
Тірлік атты бәйге бермес тұлпардың
Арқасынан аунап бара жаттым мен.
.. .Кездейсоқтық!
Келіс мейлің, келіспе,
Шынды қалай шығарарсың теріске?!
Қапталдап кеп қағып алды құлатпай,
Ақ қанатты,
Ақ халатты
Періште!
Нәшпен созып майда-мақпал наз үнін,
Жарастырып, жымдастырып әзілін,
Ажалыма ара тұрған арымен
Дәрігер қыз – менің Темірқазығым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу