Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  91


Автор: Темірше Сарыбаев

КӨКТЕМ ЕДІҢ

Сен маған орынсыздау өкпеледің,
Өкпеден басқа, сірә, жоқ берерім.
Торлаған қара бұлтты шайдай ашып,
Жанымды жадыратқан көктем едің.
Жанымды көктем едің жадыратқан,
Сөзімді қайталаман сан ұнатқан.
Жырымды қайда қоям өртке оранған,
Орныңды қайда қоям алып жатқан?!
Басылар бұл өкініш барып-барып,
Аптықпай, кінә кімде – анықталық.
Бағасын бере жатар сыртымыздан
Онсыз да сырымызға қанық халық.
Асылы, мән бермеймін жалаға онша,
Қараны қара деймін, қара болса.
Гүлде де, суық соқса, өң қалмайды,
Мелшиген тасқа айналар талап оңса.
Әділдік әл бермейді бөгесінге,
Шындықтың ту жайнайды төбесінде.
Бұл күннен бірер белгі қалмаса да,
Қалармын ұзағырақ мен есіңде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу