Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  100


Автор: Темірше Сарыбаев

БОЙЫМДЫ БИЛЕТПЕУШІ ЕМ...

Бойымды билетпеуші ем ырымға онша,
Болды деп шалқушы едім жырым болса!
Бақтың да бірте-бірте білдім қазір
Баянсыз болатынын қырын қонса.
Ақын ем түсіне де өлең кірер,
Біреулер мені жырға кенелді дер.
Аттасам, адымымды аштырмайды
Көлденең кес-кестеген кедергілер.
Құндамай, кеудемдегі барды өшіріп,
(Кезінде шырқалмаған ән де – есірік).
Жұртынан махаббаттың мұң жинаймын,
Бақыттан қалып келем сәл кешігіп.
Сездің бе, сен де соны,
Сезбедің бе?
Найзағай жарқыл қақты көздеріңде.
Жалындап мен де тұрдым жанайын деп,
Өртеніп өзің тұрдың өз деміңе.
Ұрынып қалушы едік артыққа анық,
Тоқтатты бір дүлей күш тартып қалып.
Бірігіп кете жаздап, бөгелдік-ау,
Құйылып қорғасындай балқып барып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу