Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  65


Автор: Темірше Сарыбаев

АШПАДЫ БАҚ ТА ЕСІГІН

Биледі бойды мұңлы ырғақ,
Ашпады бақ та есігін.
Сиреньдер басын бір бұлғап,
Сұрады бізден кешірім.
Сен тұрдың жанып, алаулап,
Қалқып бір көкке ұшардай.
Мен тұрдым бұлттай манаурап,
Қымсынып сүйіп, құша алмай.
Жарқылдап жасын жанарың,
Жаныма жайлап төккен нұр.
Сәулесінде ойнап сананың,
Көңілің-ай сол бір...
Мөп-мөлдір.
Ойынға оқыс бұрған боп,
Ойнама дедің отпенен!
Жетісіп мен де тұрғам жоқ,
Сабыр да қалған жоқ менен.
Өртесең де енді арман жоқ,
Күлімді құйын суырар.
Үрлемей текке жанған ба от,
Қоламтам қалса суынар.
Өзіңде енді бар үміт,
Көрейін мейлі... маздап бір.
Қартаңдау жүрек қағынып,
Жарылып кете жаздап тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу