Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  78


Автор: Темірше Сарыбаев

СУРЕТКЕ СЫР

Қарама маған күліп,
Суық қара!
Мен – өлік.
Өлгенге енді жуықтама!
Жерлей сал жүрегіңнің түкпіріне,
Бейкүнә көз жасыңмен жуып қана.
Мертікті, орта жолда алдады үміт,
Көктемім күрсінеді қар жамылып.
Шер шайып кетіре алмас мұңның мөрін,
Тәніме бастың өзің таңба қылып.
Көңілімді ақ қанатты шағаладай,
Батпаққа лақтырдың, бағаламай.
Төбеңнен алтын айдай төңкеріліп,
Шалқытып шашсам деп ем саған арай.
Жабылды саған ашқан, жабылды есік.
Емен ем түзу тұрған бағыңда өсіп.
Арманның сен көгерткен бұтақтарын,
Тастадым, тас-талқан боп, бәрін кесіп.
Қарама маған күліп,
Суық қара!
Мен – өлік!
Өлгенге енді жуықтама!
Жерлей сал жүрегіңнің түкпіріне,
Бейкүнә көз жасыңмен жуып қана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу