Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  91


Автор: Темірше Сарыбаев

ЗАҢДА МІН ЖОҚ

Заңда мін жоқ!..
Бар пәле заңгерлерде,
Солар елді салып жүр «әрі, беріменге».
Беделдіге бүгіліп, бұра тартып,
Әңгіртаяқ ойнатып әлі келгенге.
Заңым ортақ ханға да, қараға да,
Әділдік ет,
Ешкімді алалама!
Үкім кеспей тұрғанда жүгініп ал, –
Деу лайық – заңгерім саған, Арға!
Бір тармағы тарқалып өзгермесін,
Шенеуніктің мүддесі көзделмесін!
Ақиқаттан айныма ақтық сәтте,
Саған сеніп жамиғат сөз бергесін.
Халық болып талқылап, қабылдадық,
(Осал болсын ойбай,ау, заңым не ғып?!)
Әр әріпін әрелдік әлімізше,
Шырай беріп, шындықтың шамын жағып.
Заңда мін жоқ!
Ол менің қорғанышым
Азаттығым, теңдігім, өр намысым!
Құрметтеймін мен оны өле-өлгенше,
Ата заңым – айбарым болғаны үшін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу