Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  66


Автор: Темірше Сарыбаев

СЫР ШАШҚАН, АРМАН ҚУҒАН

Сыр шашқан, арман қуған,
сезім кешкен,
Шығара аласың ба, кезіңді естен?!
Қыз – дәуір,
Жігіт – дәуір,
Сәуір – дәуір,
Домбыра ішегіндей тез үндескен.
Қолыңа жүрегіңді ап, алып-ұшқан,
Бақтарда әрлі-берлі сабылысқан.
Босатып буынымды жібердің-ау,
Бозбала жастығым-ай,
Мамырстан!
Жүзімді нұрландырған шар айнам-ай,
Жоғалтып алыппын-ау, абайламай!
Бурыл шың, боз тауларға бет алғанда,
Тұсыңнан өте алмадым, қарайламай.
Жағаң – гүл,
Жайлауың – жыр,
Жанарың – нұр,
Бөркіңе жырдан үкі қададым бір!
Қырықтың қырқасынан қол бұлғаған,
Ағаңның, қарғам, келіп,
Хабарын біл!
Бір шақыр ең болмаса, би алаңға,
Сынап көр, оттай өртеп сүйе алам ба?!
Желді күн желбірер деп орамалың,
Жолыңа жүрмін әлі жиі алаңдап.
Ей, Темке,
Күтпе бекер, тек көне біл.
Төздің ғой, төздің талай, өртке небір.
Ол да бір – зымыраған ағын-дария,
О да бір – екі айналмас – өткен өмір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу