Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  78


Автор: Темірше Сарыбаев

СЫР ТАРТПАЙ-АҚ ҚОЙ МЕНЕН...

Сыр тартпай-ақ қой менен,
Сырым – жырым,
Көптен қалған көзімін бұрынғының.
Қабағыма ап-ауыр сыр ұялап,
Жанарыма ертелеу тығылды мұң.
Пайдам тиген жоқ елге, зияным да,
Ойлағаным қап қойды қиялымда.
Уақыт атты дес бермес
тарпаңкердің
Тозым шықты түтіліп тұяғында.
Айдынымды құрғаттым қолымдағы,
Сыйластықтың сыр берді оң ырғағы.
Өткен күнім – өтірік,
Келер – күмән,
Күдігімді молайтты соның бәрі.
Сыбдыр етсе жапырақ, сезіктенем,
Қиындығым қанша әлі кезікпеген.
Кейде дана, ал кейде баладаймын,
Әліппесін енді-енді ежіктеген.
Артта – тұман,
Арбайды алда – сағым,
Жұрттың бәрін жаңадан бар жасағым.
Жақсылық пен Жамандық бірге туса,
Күнін қалай кешпейін далбасаның.
Жаным, рас, жаралған ізгіліктен,
Сәуір өтті,
Сәулелі мұзды іріткен.
Боз қыраулы бұйығы баққа кірдім,
Кім біледі, не шығар
Күзгі үміттен?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу