Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  88


Автор: Темірше Сарыбаев

ШЫНДЫҚ – ТӘҢІР МЕН ҮШІН...

Зыр қақтырып жетелеп жетім үміт,
Дәлелдейсің...
Ол тұрар бетіне ұлып.
Шыжбалақтап шындықтан
жалтарғанның,
Қазақ қойған шын аты – көтікүлік!
Сілелеген сорлы ма сойыл-даудан?
Қайтаруға қауқарсыз қойын жаудан.
Қорқақтардың қансіңді қасіреті –
Ақиқатты қашқақтау мойындаудан.
Соған дәндеп әу баста алғандықтан,
Қорған соғар қамзау ғып жалғандықтан.
Белден басып тартсаң да айрылмайды,
Жалғандыққа жабысып қалғандықтан!
Көрмес пе едік кеудесі көк тіресе?
Типыңдайды томпаңдап тоқ күреше.
Шығар ем-ау құмардан шынжырға орап,
Шырылдатып, шыңғыртып тепкілесе...
Тепкілесе шіркін-ай, топ алдында
Ұмытар ем, ойланбай, обалды да!
Осындайлар ел ішін аздыратын,
Осындайлар – құртатын қоғамды да!
Шындық – тәңір мен үшін,
Шындық – Иман!
Шың боп көзді тартады бір қиырдан.
Айтпа! – дейді аузыма қақпақ болып,
Әуселесін көрейін, кім бұйырған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу