Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  68


Автор: Гүлайша Ерахмет

Көгің тар боп құлашыңды сермеуге...

Көгің тар боп құлашыңды сермеуге,
Сені де бір мазасыздық тербей ме?!
Меңіреулі күй кешіріп мен жерде,
«Басым бос» деп айтып жүрмін елдерге.
Мен əліге кешіп жүрмін жалқы өмір,
Өмірің де өзгешелеу, ал сенің.
Басым бос боп жүргендігім түкте емес,
Көгім бос деп айта көрме əйтеуір.
Көкке құштар құстар да көп бұл заман,
Көп құстардан қызғанамын шулаған.


Маңайыңан өткен жандар түгіл-ау,
Маңыңдағы ұшқан құстан қызғанам.
Самырсындар қызықтыра тербеліп,
Тастарға анау қонама деп сен келіп.
Тұлғаң түгіл, тырнағыңның табын да,
Қызғанамын, қысқа таңда шерленіп.
Сол үшін де жаным мені қинама,
Қонбай-ақ қой шынарға да, шыңға да.
Сені сүйген менде жалғыз жүрек бар,
Сен қонатын тұғырың ол бір ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу