Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  85


Автор: Гүлайша Ерахмет

Өлең-жігіт

Өзіңмен танысқалы өлең-жігіт,
Ойнақтап келе жатыр төбемде үміт.
Толқыттың көңілімді теңіздейін,
Тасыттың сезімімді өзен қылып.
Қалса егер үһілете ұяң желік,
Өзіңе күн де сəлем тұрам беріп.
Гүл едім көбелекті ынтықтырған,
Жайқалттың одан ары құнар болып.
Сен маған ал, мен саған серік болып,
Бағым боп сəуле шаштың көрік болып.
Сен жебеп сенімімді ұштай түстің,
Отырсам кейде өмірден жеріп келіп.
Халқыма мəлім қылып барлығымды,
Бəйгеге қостың баптап сан дүбірлі.


Күн астында күрсінген Күнікей қыз ем,
Жұлдыз бен сырлас қылдың, айды құрбы.
Өзіңнен тауып күнде жүрек емін,
Жабығып жалғызбын деп жүдемедім.
Сан қауіп, сан қатерден сақтап келген,
Сен менің кір жұқтырмас кием едің.
Барсам да қай мекенге қасымдасың,
Барлығың етті бүгін басымды ақын.
Сен тосып отырасың, пəтерімде,
Кеш кіріп, ел аяғы басылғасын.
Есігін берсең де ашып маған мұңның,
Тағудан ұяламын саған бір мін.
Сенімен қолтықтасып жүрмін əлі,
Өкпелеп қалсадағы талай, құрбым.
Өмірім сияқтысың өлең, қалқам,
Өзіңе үмітімді сенем де артам.
Жігіттен қалсам егер сүйер біреу,
Ал, енді не болармын сенен қалсам?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу